
Жасанды интеллектіні енгізу жеделдеп, оның бизнес өнімділігіне ықпалы өсе түскен шақта ЖИ саласында терең құзыреті бар кадрларды даярлау ерекше маңызға ие болып отыр. Бұл туралы KPMG-нің Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі басқарушы серіктесі Сәкен Жұмашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, жасанды интеллектіні белсенді қолданатын компаниялар деректерді сапалырақ талдау және басқару шешімдерін қабылдау арқылы анағұрлым артықшылықтарға ие болады.
Егер біз жасанды интеллект қолданатын компанияларды қарастыратын болсақ, онда олар бүгінгі күні басқа ұйымдарға қарағанда 20-40% өнімді жұмыс істеуде. Олар компания ішіндегі жағдайға жан-жақты қарап, сол арқылы бизнес үшін дұрыс data-driven шешімдерін әзірлей алады, — деп атап өтті Сәкен Жұмашев.
Ол ЖИ-мен жұмыс істеудің advanced-дағдыларын дамыту және озық халықаралық тәжірибелерді енгізу Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі шарттары екенін атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Қазақстандағы Цифрландыру және ЖИ жылы деп жариялады.Елімізде жасанды интеллект технологияларын экономиканың негізгі салаларына енгізуге бағытталған шаралар жүзеге асырылуда.