Ақмола облысының 2,7 мыңнан астам тұрғыны цифрлық дағдыларды меңгерді

Ақмола облысының 2,7 мыңнан астам тұрғыны цифрлық дағдыларды меңгерді

2025 жылы 2,7 мыңнан астам ақмолалық 80 оқу іс-шарасына қатысты. Деректерді талдау мен жасанды интеллект құралдарын меңгергісі келетіндер үшін 26 іс-шараны қамтыған AI Movement бағдарламасы нағыз серпіліс алаңына айналды. Сонымен қатар Tech Orda гранттық бағдарламасы да қарқынды дамып келеді. Өткен жылы 80-нен астам адам оқуды сәтті аяқтаса, шамамен 40 қатысушы цифрлық шеберлікке жету жолын жалғастырып жатыр.

Бүгінде Ақмола облысында 60-тан астам стартап белсенді жұмыс істеуде. Алғашқы Startup Orda инкубациялық бағдарламасы шамамен 50 команданы біріктірді. Олардың көпшілігі оқуды сәтті тәмамдап, кейбір жобалар бета-тестілеу кезеңіне шықты.

Табысқа жеткен жарқын мысалдардың бірі – нарыққа шығып, инвестиция тартқан Okushy білім беру платформасы. Сондай-ақ 3 миллион қолданушы аудиториясына жеткен Finance.kz ЖИ-боты Мексика мен Румынияның халықаралық нарықтарына сәтті шықты. Жыл қорытындысы бойынша Ақмола облысынан алты IT-компания Astana Hub халықаралық технопаркінің резиденті атанды.

Цифрлық білімді баршаға қолжетімді ету мақсатында Егіндікөл және Зеренді аудандарында Digital Keruen көшпелі іс-шаралары өтті. Бұл шаралар барысында шалғай елді мекендердің тұрғындары заманауи цифрлық құралдармен жұмыс істеудің практикалық дағдыларын меңгеріп, жасанды интеллектті күнделікті өмірде және кәсіби қызметте қолдану мүмкіндіктерімен танысты.

«Біздің басты мақсатымыз – өңір тұрғындарына жұмыста нақты пайда әкелетін және өз жобаларын жүзеге асыруға көмектесетін цифрлық дағдылар беру», – деп атап өтті «Smart Aqmola» КММ басшысы Асылбек Байборанов.