Ұлттық банк «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізді

Ұлттық банк «Баспана хит» ипотекалық бағдарламасына өзгерістер енгізді

"Баспана хит" ипотекалық несие беру бағдарламасына өзгерістер енгізілді. Енді оған үлестік құрылыс енгізілді, салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға рұқсат етілді, сатып алынатын тұрғын үйдің шекті құны ұлғайтылды.

"Баспана хит" ипотеканың қолайлы шарттарын ұсынады. Сыйақының жылдық номиналды мөлшерлемесінің мөлшері банктік қарыз шартын жасасу күніне "базалық мөлшерлеме + 175 базистік тармақ" формуласы бойынша айқындалады және қарыз мерзімі ішінде өзгертуге болмайды. Бастапқы жарна - 20%-дан бастап, қарыз мерзімі - 15 жылға дейін. Бастапқы тұрғын үйден басқа, қайталама нарықтан пәтер сатып алуға болады. Сондай-ақ, тұрғын үйдің болмауы туралы талап жоқ.

"Баспана хит" бағдарламасы аясында 26 қазандағы жағдай бойынша 388,1 млрд теңгеге 44 228 өтінім мақұлданды, оның ішінде 306,8 млрд теңге сомасына 35 769 қарыз берілді.

Азаматтардың өтініштері мен банктердің, құрылыс салушылар мен қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын талдап, 2020 жылғы қыркүйекте Қазақстан Ұлттық Банкі тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға және бастапқы тұрғын үйге сұранысты ұлғайтуға бағытталған түзетулерді бекітті.

Қаулы мыналарды көздейді:

-Нұр-Сұлтан мен Алматыда бастапқы нарықта сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнының лимитін 25 млн теңгеден 35 млн теңгеге дейін ұлғайту;

- Шымкентте бастапқы және қайталама нарықтарда сатып алынатын тұрғын үйдің ең жоғары құнының лимитін 25 млн теңгеге дейін, Қарағандыда 20 млн теңгеге дейін ұлғайту;

- үлестік қатысу шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі. Бұл бағытта несие беру "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" ҚР Заңына сәйкес іске асырылатын болады. Лимиттің өсуі қазірдің өзінде "Баспана хит" бағдарламасы аясында жұмыс істейді. Үлестік қатысу шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйді сатып алуға несие беруді іске қосу үшін бағдарлама операторы серіктес банктермен бірлесіп дайындық жұмыстарын жүргізеді. "Баспана хит" бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан тұрғын үйге несие берудің басталғаны туралы қосымша хабарланатын болады.

inform.kz