
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Ақмола облысынан шамамен 100 еңбек адамы марапатталды. Облыс әкімі Марат Ахметжанов экономика мен ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін тағы төрт мемлекеттік награданы табыс етті.
Шортанды ауданының «Нива» серіктестігінің егіншілік бригадирі Анатолий Богуславский «Құрмет» орденімен марапатталды. «Көкшетау Су Арнасы» кәсіпорнының аға шебері Дүйсенбай Арсакаев пен Есіл ауданының «АБА-2003» кәсіпорнының дәнекерлеушісі Жәнібек Есержанов «Еңбек Даңқы» орденінің үшінші дәрежесіне ие болды. «Әдемі Холдинг» кәсіпорнының құрылысшысы Ержан Сейдахан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
«Еңбегімнің осылай жоғары бағаланғаны қуантады. Бұл шаруашылықта 56 жыл еңбек еттім: әуелі механизатор болдым, 2013 жылдан бері бригадирмін. Менің жолымды екі ұлым мен екі немерем жалғастырды, еңбек әулетіміздің жалпы еңбек өтілі жүз жылдан асады», – деді Анатолий Богуславский.
Сондай-ақ Қорғалжын ауданының жылқышысы Боранбек Тілеулесов те құрметке бөленді. Бұған дейін оған «Құрмет» орденін Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындысына арналған Астанада өткен салтанатты рәсімде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин табыс еткен болатын.