ҚР Қаржы министрлігі аудитті қашықтан жүргізуді дамытып жатыр

ҚР Қаржы министрлігі аудитті қашықтан жүргізуді дамытып жатыр

Қашықтан жүргізілетін аудит мүмкіндіктерін кеңінен қолдану үшін биыл мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне қолжетімділік кеңейтілді. Еңбек ресурстарын дамыту орталығы, e-Saqtandyru, Ұлттық білім беру деректер қоры және Smart Data Ukimet сияқты ақпараттық жүйелердің ведомствоаралық интеграциясы бойынша жұмыс жүргізілуде. Бұл шаралар бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров ОКҚ баспасөз конференциясында хабарлады.

«Мемлекет басшысының цифрлық трансформация жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, негізгі назар тәуекелдерді қашықтан анықтауға және бюджет қаражатын пайдалану нәтижелілігін арттыруға мүмкіндік беретін превентивті құралдарды енгізуге бағытталған. Мәселен, «Мемлекеттік жоспарлау» ақпараттық жүйесінің онлайн бюджеттік мониторинг институты 2026–2028 жылдарға арналған бюджет қаражатын шамамен 1,5 трлн теңге көлемінде артық және негізсіз жоспарлау фактілерін анықтап, оның алдын алуға мүмкіндік берді», – деді Ержан Мыңжасаров.

Спикердің айтуынша, төлемдерді қашықтан мониторингтеу және цифрлық ден қою шаралары әлеуметтік саладағы жалақы төлеу бойынша 1,4 млрд теңгеге жуық алаяқтық схемалардың жолын кесті. «Онлайн бюджеттік мониторинг» (ОБМ) модулін енгізудің арқасында білім беру саласында жалақы түрінде жүйелі түрде жасалып келген көпжылдық ұрлық оқиғаларын іс жүзінде жоюға мүмкіндік туды. Бухгалтерлер жүргізген қаржылық манипуляциялар екі негізгі топқа бөлінеді: алушыларды ауыстыру арқылы жасалатын жалған есептеулер және төмен жалақы кезінде жоғары төлемдер жасау.

Жалақы бойынша тәуекелді аударымдар туралы хабарламалар «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулінен мониторинг объектілеріне және олардың жоғары тұрған әкімшілеріне автоматты түрде жіберіледі. Бұл техникалық шешім деректерді өңдеу уақытын айтарлықтай қысқартуға және аудиторлардың жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді.

Жуырда ОБМ модуліне бюджетке өтеуге қатысты фискалдық деректердің анықтығын қайта тексеру функциясы енгізілді. Енді мониторинг объектілеріне бюджетке төленген сомаларды растау үшін құжат дайындап, уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Жүйе ақпаратты автоматты түрде алып, салыстырады. Бұл шешім бюрократияны азайту және әкімшілік жүктемені төмендету жолындағы кезекті қадам болды.

«Қазір мониторинг нәтижесінде анықталған сомаларды бюджетке қашықтан, мобильді банкинг арқылы төлеу мүмкіндігі, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын заңсыз алу немесе пайдалану тәуекелдерін қоса алғанда, әлеуетті алаяқтық схемаларды автоматты түрде анықтап, тоқтататын қосымша тәуекел профилдерін енгізу бойынша жаңа техникалық шешімдер пысықталуда», – деді Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы.