
Қазақстанда электрондық аудит 2021 жылы енгізілді және оның жоғары тиімділігі мен қабылданатын шаралардың жеделдігін ғана емес, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудағы маңызды рөлін көрсетті. Бұл туралы Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің төрағасы Ержан Мыңжасаров ОКҚ баспасөз мәслихатында хабарлады.
Электрондық аудитті енгізу нәтижесінде тексерілетін объектілермен тікелей байланыс толығымен жойылды. Сондай-ақ бір аудиторға тиесілі іссапар шығындарын шамамен 4,5 есе қысқартуға мүмкіндік берген.
Маңызды аспектілердің бірі – цифрлық деректерге қол жеткізу. Бүгінде ақпарат көзі ретінде бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның жүйелері қолданылады.
«Мысалы, мемлекеттік мекемелердің тәуекел төлемдерінің профилі әзірленіп, Қазынашылық деректерін пайдалану арқылы электрондық аудит 2024 жылы қалпына келтіру мен өтеуге жататын 26 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды тіркеді», – деді спикер.
Оның айтуынша, бұл бұзушылықтардың жүйелі сипаты бар. Барлық анықталған фактінің ішінде әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй сатып алу бойынша заң бұзушылықтар ерекше алаңдаушылық туғызады.
Комитет пәтерлердің жарияланған аумағының сәйкес келмейтінін және ішкі әрлеудің негізгі элементтерінің жоқтығын анықтаған. Жекелеген жағдайларда құқық белгілейтін құжаттар төлем жасалғаннан бірнеше ай өткен соң ғана рәсімделген.
«Мәселен, тапсырыс беруші келісімшартқа қол қойылған келесі күні жеткізушіге құқықты растайтын құжатсыз пәтерлер үшін 1,5 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын аударған. Бұдан бөлек, кей жағдайларда жыл соңында үнемделген қаражат есебінен орын-жайлар өте қысқа мерзімде сатып алынған. Жеке тұлғалардан шамамен 1 млрд теңгеге сатып алынған пәтерлердің суға қосылмағаны, сантехникасының болмағаны анықталды. Осылайша, бюджет кезеңінің соңында бюджет қаражатын игеру белсенділігі артады, ал келісімшарттардың нақты орындалуы кейінге шегеріліп жатады. Бұл көбіне жеткізушілердің шарттық міндеттемелерді бұзу тәуекелдерін және бюджеттің шығынға ұшырауын туындатады», – деп түсіндірді Ержан Мыңжасаров.
Мемлекеттік қаражатты тиімсіз пайдалану тәжірибесі құрылыс жобаларын іске асыру барысында да кездескен. Мұнда орындалмаған жұмыс үшін қаржыландыру фактілері анықталған.
Ағымдағы жылы онлайн бюджеттік мониторинг аясында мемлекеттік сатып алу шарттарын орындау бойынша жалпы құны 1 трлн теңгеден асатын шамамен 5 мың бюджет төлемі тексеріліп, 184,2 млрд теңге көлеміндегі 694 тәуекелді төлем анықталды. Салдарынан аудиттік іс-шаралар кезінде шамамен 60 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар тіркелді. Сонымен қатар міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін жеткізушілерге 237 млн теңгеден астам айыппұл есептелді.