
Форумның негізгі мақсаты – ауыл әйелдерінің экономикалық әлеуетін күшейту, олардың бизнесін, көшбасшылығын және өңірлердің дамуына қатысу мүмкіндіктерін кеңейту.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Ауыл» партиясы және Ақмола облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Қатысушылар жұмысын ауыл шаруашылығы өнімдері, қолөнер бұйымдары және отандық өндірістің тауарлары қойылған көрмеден бастады. Мұның барлығы ауыл әйелдерінің еңбегі экономиканы қалай нығайтатынының жарқын дәлеліне айналды.
Пленарлық бөлімде сарапшылар бүгінгі таңда әйелдер кәсіпкерлігінің дамуы ауылдық бизнеске цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізумен, отбасылық шаруашылықтардың табысты үлгілерінің пайда болуымен, әйелдердің дәстүрді заманауи өндіріс модельдерімен ұштастыру қабілетімен, сондай-ақ өткізу нарықтарын кеңейту және кооперация мүмкіндіктерін арттырумен тікелей байланысты екенін атап өтті. Дәл осы бағыттар өңірлердің негізгі өсу нүктелеріне айналып келеді.
Бағдарлама «Smart Aqkol» технологиялық хабына және Республикалық ғарыштық байланыс орталығына экскурсиямен аяқталды. Онда қатысушылар «ақылды қала» инфрақұрылымы мен цифрлық шешімдерімен танысты.
Ақкөлдегі форум әйелдерді біріктіретін, олардың даусын күшейтетін және жаңа экономикалық көкжиектерді ашатын қуатты алаңға айналды.
Ауылдың болашағы – бүгінде өзгеріс жасап жатқан әйелдердің қолында.