
Жыл сайын қалыптасқан игі дәстүр бойынша, Целиноград ауданының аграршылары өздерінің қажырлы еңбегінің қорытындыларын шығарады. Ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері кәсіби мерекені барлық негізгі егін жинау жұмыстары аяқталған соң, жылдық еңбектің нәтижесіне лайықты баға беруге болатын кезде атап өтеді.
Бұл күні өз ісін және туған жерін шын жүректен сүйетін, жанкешті еңбегі құрмет пен алғысқа лайық жандар бас қосты. Себебі ауыл шаруашылығы – жоғары кәсіпқойлықты, төзімділікті, жерге деген ерекше сүйіспеншілікті талап ететін сала. Ауыл еңбеккерлері ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан тәжірибе мен дәстүрді сақтап, өңірдің әл-ауқатын арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор үлес қосуда.
Биылғы жылы да науқан табысты аяқталды. Қуантатын нәтижелер бар. Ақмола облысының диқандары 7,6 млн тонна астық бастырса, оның ішінде Целиноград ауданының үлесі – 312 мың тонна. Аудан бойынша орташа өнімділік – гектарынан 14,2 центнер. Сондай-ақ 21 мың тоннадан астам майлы дақылдар, 10 мың тоннадан астам картоп және 4 мың тоннаға жуық көкөніс жиналды. Бұл жетістіктер комбайншылардың, механизаторлардың, мамандар мен ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, адал еңбегі мен таңдаған ісіне деген беріктігі үшін алғысын білдірді. Ол ауыл еңбеккерлеріне мықты денсаулық, отбасылық амандық, кәсіпорындардың тұрақты дамуын, мол өнім мен қаржылық тұрақтылық тіледі.
Ауыл шаруашылығы саласының ардагерлеріне – ауданның ауыл шаруашылығы өндірістік әлеуетін қалыптастыруға еңбек сіңірген, бүгінгі күні де өз білімін тәжірибесін жастарға үйретіп жүрген жандарға ерекше алғыс айтылды.
Салтанатты шара барысында ауыл шаруашылығы жылына қорытынды жасалып, саланың үздік өкілдері марапатталды. Бірқатар еңбеккерлерге алғыс хаттар, «Елеулі еңбегі үшін», «Ауыл еңбегі үшін», «Еңбек даңқы» төсбелгілері және «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» атағы табысталды.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласын табысты дамытудың арқасында аудан өмірінің басқа да маңызды бағыттарына қолдау көрсетілді. Аудандық емханаға Мортық ауылында ФАП салуға сертификат, «Аманат» партиясының аудандық филиалына жаңа автокөлікке сертификат, ал аудандық полиция бөліміне УАЗ қызметтік автокөлігіне сертификат берілді.
Бұл күні аудандық мәдениет үйінің әртістері ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арнап мерекелік көңіл-күй сыйлады.