
«БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар»
1) "Зейнетақының лайықтылығы" ұғымын қалай түсінуге болады?
Ұдайы өзгеріп отыратын демографиялық құрылым, халықтың қартаюы және еңбек нарығының өзгеруі жағдайында лайықты қартаюды қамтамасыз ету мемлекеттің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің біріне айналады. Сондықтан зейнетақы лайықтылығының Қазақстанда, әсіресе зейнетақының ынтымақты бөлігінің үлесінің төмендеуі және жинақтаушы зейнетақы жүйесінің өсіп келе жатқан рөлі аясында маңызы арта түседі.
Лайықты зейнетақы табысы – бұл зейнеткерлікке шыққаннан кейін адамның әдеттегі өмір сүру сапасын елеулі қаржылық шектеулерсіз сақтауға мүмкіндік беретін төлем мөлшері. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) ұсынысы бойынша кірісті алмастыру коэффициенті (КАК) кемінде 40%-ды құрауы тиіс. КАК – зейнетақы төлемдерінің зейнеткерлікке шыққанға дейінгі табысқа қатынасы, яғни зейнетақы табысы еңбек табысын қаншалықты алмастырады. Қазақстанда бұл көрсеткіш қазір шамамен 41%-ды құрайды.
2) Адам зейнетақы табысының лайықтылығын өз бетінше қалай арттыра алады?
Зейнетақы табысының лайықтылығын келесі амалдармен арттыруға болады:
міндетті және қосымша ерікті жарналарды тұрақты аудару арқылы;
Сондай-ақ тұрақты міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарының болашақта зейнетақы төлемдерінің сомасына оң әсер етуімен қатар, жалпы еңбек өтіліне байланысты мемлекеттік бюджеттен төленетін базалық зейнетақы мөлшеріне ықпалы бар. 1998 жылдан бастап еңбек өтілі тек нақты аударылған міндетті зейнетақы жарналарымен расталады. Қазір базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің (КД) 70%-ын (жалпы еңбек өтілі 0-ден 10 жылға дейін), ал ең жоғарғысы 110%-ын (30 және одан да көп жыл өтілі бар) құрайды. 2027 жылға дейін ең жоғары базалық зейнетақы КД-ның 120%-на дейін ұлғайтылатын болады.
Осы шаралардың барлығы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етіп қана қоймай, зейнеткерлік жаста тұтынудың, бос уақыттың және өмір сапасының әдеттегі деңгейін сақтауға мүмкіндік береді.
3) Ерікті зейнетақы жарналарын қалай аударуға болады? Мұны жұмыс беруші жасай ала ма?
Ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) жеке және заңды тұлғалар аудара алады. Жеке тұлға өздері үшін және (немесе) жақындары үшін өз табысы есебінен, ал заңды тұлғалар – өз қызметкерлерінің және (немесе) үшінші тұлғалардың пайдасына қаражат салады.
Ерікті зейнетақы жарналарын екінші деңгейдегі банктер арқылы, сондай-ақ жұмыс берушіге өтініш беру жолымен аударуға болады. Соның негізінде жұмыс беруші жарналарды өтінім берушінің пайдасына БЖЗҚ-ға аударады.
Шарт жасасу және ЕЗЖ бойынша жеке зейнетақы шотын (ЖЗШ) ашу үшін БЖЗҚ кеңсесіне барудың қажеті жоқ. ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ-ға бірінші жарна түскен кезде автоматты түрде ашылады. ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашу өтінішсіз келесі тәртіппен жүзеге асырылады:
ЕЗЖ аудару кезінде БЖЗҚ-ға агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімдері негізінде;
4) Ерікті зейнетақы жарналарынан қалыптасқан төлемдерді қалай және қашан алуға болады?
ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін зейнеткерлік жасқа дейін – 50 жастан бастап алуға болады. Бұдан басқа, егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, олар мүгедек адамдарға, сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерге тұрақты тұруға кеткен шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға беріледі.
ЕЗЖ есебінен төлемдер алу үшін өтініш БЖЗҚ-ға enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте онлайн-форматта немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында, сондай-ақ Қордың кез келген бөлімшесінде беріледі.
Жарналардың барлық түрлері есебінен зейнетақы жинақтарының сомасын enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте 24/7 режимінде бақылауға мүмкіндік бар.
"БЖЗҚ" АҚ салымшының ерікті зейнетақы жарналарын аудару туралы уақтылы шешім қабылдауы өзінің зейнетақы капиталын едәуір толықтыруға және одан әрі жоғары төлемдер алуға көмектесетінін еске салады.
5) Ерікті зейнетақы жарналары мұраға қалдырыла ма?
Зейнетақы жинақтары, оның ішінде ерікті зейнетақы жарналары бар адам қайтыс болған жағдайда, оның жинақтары Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен мұраға қалдырылады. Атап айтқанда, зейнетақы жинақтарын мұраға беру өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Өсиет болмаған немесе ол бүкіл мұраның тағдырын анықтай алмаған кезде, сондай-ақ басқа жағдайларда заң бойынша мұрагерлік күшіне енеді.
6) Ерікті зейнетақы жарналарының артықшылықтары қандай?
Айта кету керек, азаматтар ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) өз қалауы бойынша төлейді, олардың мөлшері мен кезеңділігін дербес белгілейді. ЕЗЖ есебінен зейнетақы төлемдерін алу тәртібін алушы БЖЗҚ-ның зейнетақы ережелеріне сәйкес дербес айқындайды. Бұл – жарналардың осы түрінің артықшылықтарының бірі.
Өз жұмысшылары үшін ЕЗЖ төлейтін жұмыс берушілер салықтық жеңілдіктерге ие болады. Жұмыс берушінің қызметкердің пайдасына аударған ЕЗЖ жеке тұлғаның табысы ретінде қарастырылмайды, жұмыс беруші үшін мұндай шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегеруге жатады. Яғни, бұл жағдайда жұмыс беруші салық салу кезінде жеңілдіктер алады.
7) Ерікті зейнетақы жарналары инвестицияланады ма? Оларды инвестициялық портфельді басқарушыға аударуға бола ма?
Ерікті зейнетақы жарналары, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарының барлық түрлері инвестицияланады және салымшыларға табыс әкеледі. Жалпы зейнетақы активтерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқарады. Алайда салымшылар зейнетақы жинақтарын инвестициялық портфельді басқарушыға (ИПБ) аударуға құқылы, олар кірістілік пен тәуекелдің әртүрлі деңгейлері бар түрлі инвестициялық стратегияларды ұсынады. Егер ИПБ-ға міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін аударуға рұқсат етілсе, ерікті зейнетақы жинақтарын ИПБ-ға толық беруге болады.
ИПБ-ға жинақтардың аударымы салымшының өтініші бойынша жүргізіледі, оны Қор сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ-ның кез келген филиалында электрондық форматта беруге болады. Инвестициялау нәтижелері бойынша басқарушы компанияны ауыстыруға мүмкіндік бар, бірақ жылына бір реттен жиі емес. Осылайша ЕЗЖ зейнетақы активтерін басқаруда тағы бір артықшылық береді.