
ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ауқымды цифрландыруға дайындыққа қатысты қойылған сұраққа жауап берген Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірде жасанды интеллект енгізілген Digital Aqmola орталығы құрылғанын атап өтті. Облыс басшысының айтуынша, бүгінде 28 шаруашылық орталыққа қосылып, толық цифрландырылған. Жасанды интеллект жүйесі шаруашылықтарға егіншілік пен ауыспалы егіс жүргізудің тиімділігін, сондай-ақ жұмыс өнімділігін арттыруға мүмкіндік беретін ұсыныстар береді. Нәтижесінде өнімділік 5–6 центнерге дейін ұлғаяды. Тағы 140 шаруа қожалығы орталыққа қосылуға өтініш берген.
«Бізде 15 стартап және IT-хаб жұмыс істейді. Яғни, бұл нағыз цифрландыру үйі деуге болады. Ол бізге үш жыл ішінде толыққанды цифрлық облыс болуға дайындалуға мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді спикер.
Сонымен қатар, Марат Ахметжанов цифрландырудың тиімділігіне назар аударды. Оның айтуынша, цифрландырылған шаруашылықтар мемлекеттік қолдау шараларын бір рет басу арқылы алу мүмкіндігіне ие. Digital Aqmola орталығында ауыл шаруашылығы саласымен қатар, денсаулық сақтау саласы да цифрландыру жүйесіне енгізілген.