
Ақмола облысының әкімдігінде облыс әкімі Марат Ахметжановтың «Beeline Қазақстан» холдингінің бас директоры Евгений Настрадинмен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар телекоммуникацияны дамыту, мобильді байланыс қамту аймағын кеңейту және өңір тұрғындары үшін интернет сапасын арттыру мәселелерін талқылады.
Облыс әкімі цифрландырудың әлеуметтік-экономикалық дамудың стратегиялық құралы екенін атап өтті:
«Қыркүйек айында өткен Ғылым және технология жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Мемлекет басшысы цифрландыру азаматтардың өмір сапасын айтарлықтай жақсартатынын атап өтті. Ақмола облысында 2025–2030 жылдарға арналған Цифрландыру стратегиясы мен “Ақылды өңір” архитектурасын қалыптастыратын Цифрлық трансформация картасы бекітілді. Бизнес өкілдерімен бірлескен жұмыс инфрақұрылымды дамытуға және инновацияларды енгізуге мүмкіндік береді, осылайша халықтың өмір сапасын жақсартады», — деді Марат Ахметжанов.
«Біздің мақсатымыз – Ақмола облысының әрбір тұрғыны тұрақты байланыс пен жоғары жылдамдықты интернетке қол жеткізуі. Біз үшін тек базалық станциялар салу емес, сонымен қатар адамдарға оқуға, жұмыс істеуге және заманауи сервистерді пайдалануға ыңғайлы болатын цифрлық экожүйені дамыту маңызды», - деді «Beeline Қазақстан» компаниясының бас директоры Евгений Настрадин
Компания мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері 80-нен астам станция іске қосылған, ал жыл соңына дейін тағы 133 байланыс нысанын жаңарту және пайдалануға беру жоспарлануда. Бүгінде Beeline мобильді интернеті өңірдің 420 елді мекенінде қолжетімді, ал қамту аймағын кеңейту жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар, облыстың кейбір аудандарында байланыс жеткіліксіз «ақ дақтар» әлі де бар. Бұл мәселені шешу үшін әкімдік компаниямен бірлесе отырып, жаңа тәсілдерді енгізуде. Оның ішінде қос мақсаттағы тіректерді (ҚМТ) пайдалану қарастырылған – олар тек телекоммуникациялық жабдықтарға ғана емес, сонымен қатар жарықтандыру, бейнебақылау, Wi-Fi және IoT құрылғыларын қосу үшін де қолданылады.
Кездесу қорытындысы бойынша Ақмола облысының әкімдігі мен «КаР-Тел» компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Құжатқа қол қою – мобильді интернет сапасын арттыруға және өңір тұрғындарының барлығына тең цифрлық қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды жүзеге асырудағы маңызды қадам болды.