Ақмола облысында астықты терең өңдеу жобасын іске асыру жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойылды

Ақмола облысында астықты терең өңдеу жобасын іске асыру жөніндегі стратегиялық келісімге қол қойылды

Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел (KGIR-2025) аясында Ақмола облысында астықты терең өңдеу бойынша ірі инвестициялық жобаны іске асыруға арналған стратегиялық негіздемелік келісімге қол қойылды.

Құжатқа Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен қытайлық Hopefull Grain & Oil Group компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы мырза Ши Кэжун қол қойды.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайды.

Жоба екі кезеңнен тұрады - экологиялық таза энергия өндіретін жылу электр орталығын (ЖЭО) салу, ол зауытты тұрақты энергиямен қамтамасыз етіп, Астананың серпінді дамып келе жатқан агломерациясы үшін инфрақұрылымдық негіз қалыптастырады; заманауи, экологиялық таза технологияларды қолдана отырып, қоршаған ортаға минималды әсер ететін астықты терең өңдейтін жоғары технологиялық зауыттың құрылысын салу.

Зауыт жоғары қосылған құны бар өнімдер — лимон қышқылы, глюкоза-фруктоза шәрбаты, биоэтанол, жемдік және ақуыз концентраттарын өндіретін болады.

«Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша облыста жүзеге асырылып жатқан астықты терең өңдеудің екінші жобасы. Ол жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», — деді облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жобаны іске асыру өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік дамуының драйверіне айналып, Қазақстанның экспорттық әлеуетін арттыруға, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді.

Негізгі өндірістен бөлек, Hopefull Grain & Oil Group қажетті энергетикалық, көлік және инженерлік инфрақұрылымы бар индустриялық парк құруды жоспарлап отыр. Бұл өңірге қайта өңдеу және логистикалық компанияларды тартып, жаңа өндірістік кластер қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Аталған келісім — «Aqmola Invest» инвестиция тарту орталығының және Қазақстан мен шетелдік инвесторлар арасындағы ынтымақтастықты нығайту бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Жоба стратегиялық инвестицияларды сүйемелдеудің бірыңғай үйлестірушісі болып табылатын «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының қолдауымен іске асырылуда.