Тұрғындарға қамқорлықпен: Целиноград ауданында жаңа жылы аялдамалар орнатылды

Тұрғындарға қамқорлықпен: Целиноград ауданында жаңа жылы аялдамалар орнатылды

Целиноград ауданында халық үшін жайлы жағдай жасау бойынша жұмыстар жалғасуда. Мәншүк Мәметова ауылында жолаушылардың суық мезгілде жайлы әрі қауіпсіз күтулеріне мүмкіндік беретін жаңа жылы аялдама павильоны орнатылды.

Аялдама орнын анықтау кезінде жергілікті тұрғындардың пікірі ескерілді. Жаңа аялдама кешені жарықтандырумен, ыңғайлы орындықтармен және қоқыс жәшіктерімен жабдықталған. Сондай-ақ, аялдама маңындағы аумақ абаттандырылып, төсеме төселді, бордюрлер мен көгалдандыру элементтері орнатылды. Енді Мәншүк Мәметова ауылының тұрғындары ауыл мен Астана қаласы арасында қатынайтын қоғамдық көлікті ыңғайлы жағдайда күте алады. Жолаушылар тасымалын «Кен Сервис» ЖШС жүзеге асырады: жұмыс күндері екі рейс, демалыс күндері үш рейс орындалады.

Бұдан бөлек, жаңа аялдама балалар және спорт алаңдары орналасқан жердің дәл қарсысында болғандықтан, ата-аналар үшін балаларының ойнап жүргенін бақылауға ыңғайлы орынға айналды. Жобаның тапсырыс берушісі – жергілікті атқарушы орган. Мердігер ұйымдар – «Vast Construction» және «TST» ЖШС. Жобаның жалпы құны 26 млн теңгені құрады.

Тағы бір жылы аялдама аудан орталығы – Ақмол ауылында орнатылды. 1-ші шағын аудан тұрғындарының өтініші бойынша павильон «AMANAT» партиясы филиалының ғимаратының қарсысында, Жеті жарға көшесінде орнатылды. Жобаны жүзеге асыруға аудандық бюджеттен 7,5 млн теңге бөлінді. Жұмыстарды «Azemhan» ЖК орындады.

Жылы аялдама павильондарын орнату – Целиноград ауданы тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Алдағы уақытта бұл тәжірибені ауданның басқа елді мекендерінде де кеңейту жоспарлануда.