
Республика күніне орай Целиноград ауданында ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, бос уақытын тиімді өткізуге және спортпен айналысуға жағдай жасауға бағытталған бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың салтанатты ашылуы өтті.
Ақмол ауылдық округіне қарасты Өтеміс ауылында мереке жаңа балалар спорт алаңының ашылуымен айшықталды. Алаңның жалпы аумағы 1679 шаршы метрді құрайды. «Сембаев» жеке кәсіпкерлігі орнатқан заманауи ойын және спорт аймақтарына футбол мини-алаңы, құмсалғыш, әткеншектер, сырғанақтар және басқа да элементтер кіреді. Жобаның жалпы құны – 26 млн. теңгені құрады.
Тасты ауылдық округінің Тастақ станциясында осындай сомаға ұқсас жоба іске асырылды. Жұмысты «KazStroi.kz» ЖШС атқарды. Мұнда тұрғындар үшін мини-футбол алаңы және әр жастағы адамдарға арналған турник пен брусьялармен жабдықталған воркаут аймағы салынды.
Мәншүк Мәметова ауылында балалар және спорт аймақтары жаңартылды. 30 млн. теңге көлемінде абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, заманауи ойын және спорт элементтері орнатылды. Құрылыс жұмыстарын «Сембаев» жеке кәсіпкерлігі атқарды.
Сонымен қатар Ақжар ауылдық округіне қарасты Опан ауылында жаңа балалар алаңы пайдалануға берілді. Жоба аясында алаң қоршалып, воркаут аймағы мен велосипед тұрағы орнатылды.
Айта кету керек, аудан аумағындағы барлық балалар алаңдары қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ететін резеңке жабындымен қапталған.
Жыл басынан бері Целиноград ауданында 10 балалар және спорт алаңы орнатылды. Бұл жұмыстар елді мекендерді абаттандырудың жүйелі бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, балалар мен жастардың белсенді демалысы үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған.