
Бахрейн Корольдігінің Манама қаласында өтіп жатқан ІІІ жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарына құрлықтың 45 елінен спортшылар қатысуда. Бағдарлама 26 спорт түрін қамтиды, ал жарыстар 31 қазанға дейін жалғасады.
Қазақстан құрамасы аралас жекпе-жек (ММА) бойынша өз мықтылығын дәлелдеп, екі алтын медаль еншіледі. Алғашқы жеңісті 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Амелина Бакиева Шрия Сатамды (Үндістан) мерзімінен бұрын жеңіп, ел қоржынына салды.
Ұлттық құраманың қоржынына тағы бір алтын 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін талантты жауынгер Санжар Картай әкелді. Финалдық белдесуде Целиноград аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі өнер көрсетіп, Бахрейн елінің спортшысы Султанахмед Султанахмедовты айқын басымдықпен жеңді.
Санжар Қартай – Ақмола облысы Целиноград ауданы Қоянды ауылының №1 орта мектебінің 10 «А» сынып оқушысы. Оның жетістігі тек өз мектебі мен ауданының ғана емес, сондай-ақ дарынды әрі мақсатшыл жастары көп Ақмола облысының да абыройы.
Санжарды, оның жаттықтырушыларын және ата-анасын лайықты жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұл алтын медаль Санжардың үлкен спорт жолындағы алғашқы қадамы болып, жаңа жетістіктер мен жас қазақстандық спортшыларға шабыт әкелсін!