
Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Бұл туралы өңірдің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Серік Омарханов брифинг барысында хабарлады.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың тоғыз айында облыста қызылшаның 225 жағдайы тіркелген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық деңгейі 3,8 есеге төмендеген. Ауруға шалдыққандардың басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі балалар (173 жағдай), олардың көпшілігі (91,3%) қызылшаға қарсы егілмеген.
Сонымен қатар, өңірде көкжөтелдің 10 жағдайы анықталды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бес есеге аз. Барлық науқас – екпе алмаған балалар.
26 қыркүйек пен 1 қазан аралығында облыста жедел респираторлық вирустық инфекцияның (ЖРВИ) 4 884 жағдайы тіркелді. Жыл басынан бері 21 530 жағдай анықталып, тұмау оқиғалары тіркелмеген.
Тұмауға қарсы екпе науқаны аясында халықтың осал топтарын иммундау мақсатында облысқа Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 84 мыңнан астам дозасы жеткізілді. Бұл халықтың 11 пайыздан астамын қамтуға мүмкіндік береді, бұл көрсеткіш Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымдарына сәйкес келеді. Бүгінгі күні 16 мыңнан астам адам егілді, бұл екпе алуға жататын тұрғындардың 19,2 пайызын құрайды.
Серік Омархановтың айтуынша, вакцина алдағы эпидемиологиялық маусымға сәйкес келетін өзекті вирус штаммдарын қамтиды.
Сондай-ақ, Бас санитариялық дәрігердің мәліметінше, Ақмола облысында туляремия, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, бүйрек синдромымен геморрагиялық қызба, құтыру және листериоз сияқты аса қауіпті инфекциялар тіркелген жоқ.