
Халықтық хореографиялық «Реверанс» ансамблі Алматы қаласында өткен республикалық «Little Star’s» байқауында жеңіске жетті. Бұл шара еліміздің әр өңірінен келген талантты би ұжымдарын бір алаңға тоғыстырған маңызды мәдени оқиға болды, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар қызметі.
Байқау жоғары деңгейде өтті. Қатысушылардың бәрі өз өнерін жан-жақты көрсетіп, көрермендер мен қазылар алқасын тәнті етті. Осындай қатал бәсекеде «Реверанс» ансамблі сахнада ерекше өнер көрсетіп, көркемдік шеберлігін дәлелдей алды.
Ұжым байқау қорытындысы бойынша екі бірдей 1-орынды жеңіп алып, еліміздегі үздік хореографиялық ансамбльдердің бірі екенін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл жетістік — ансамбльдің табанды еңбегінің, би өнеріне деген махаббатының және ұйымшылдығының жемісі.
Жетістікке ұжым жетекшісі Антон Швецов пен барлық бишілердің еңбегі зор. Олар көпшілік алдында жоғары деңгейде өнер көрсетіп, әділқазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
«Бұл жеңіс — біздің үлкен еңбегіміздің нәтижесі. Балалар көп дайындалды, бар жан-тәнімен сахнаға шықты. Әрқайсысы өз ісін жақсы көретінін көрсетті. Біз үшін бастысы — жеңіс емес, сахнада өзіміздің биіміз арқылы көрерменге қуаныш сыйлау», — деді ансамбль жетекшісі Антон Швецов.
Ансамбльдің бұл жеңісі — жергілікті өнерпаздар үшін үлкен мақтаныш әрі болашақ жетістіктерге жол ашатын маңызды қадам.