Ақмола облысы – инвестиция мен өндірістің жаңа орталығы

Ақмола облысы – инвестиция мен өндірістің жаңа орталығы

Ақмола облысы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Өңірге салынған инвестициялар мен жаңа жобалардың арқасында жұмыс орындары көбейіп, өндіріс саласы кеңею үстінде. Қазір 200-ге жуық жоба жүзеге асып жатыр. Соның нәтижесінде мыңдаған адам жұмысқа орналасады. Бұл туралы брифинг барысында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов мәлімдеді, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Оның атуынша, биылғы жылдың тоғыз айында облыс экономикасына 556 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе көп. Кәсіпорындардың өз қаржысы мен тартылған қаражаттың үлесі 370 миллиард теңгеден асады.

«Инвесторларға қолдау көрсету мақсатында өңірде «AQMOLA INVEST» орталығы жұмыс істейді. Ол шетелдік және отандық кәсіпкерлерге жобаны бастап, іске қосуға дейін толық сүйемелдеу қызметін көрсетеді. Бүгінде орталық 2,4 триллион теңгеден астам қаржы тартылған 39 ірі жобамен жұмыс істеп отыр»,-деді облыс әкімінің орынбасары.

Инвестиция тарту деген тек ақша салу емес, ол жаңа өндіріс орындары мен халыққа тұрақты жұмыс беру деген сөз. Президенттің Жолдауында айтылғандай, әрбір салынған теңге өңірге нақты пайда әкелуі керек екендігін де ерекше атап өтті орынбасар.

Сонымен қатар, облыста өңдеу өнеркәсібі де жақсы дамып келеді. Оның өңір экономикасындағы үлесі 26,6 пайызға жетті. Биыл бірнеше ірі жоба іске асырылады. Мысалы, кірпіш зауыттары, жарма өндіретін кәсіпорын және ауыл шаруашылығы техникасын шығару өндірісі. Бұл жобалар жүздеген жаңа жұмыс орнын ашады.

Өңірдің экономикасында тау-кен металлургиясы маңызды рөл атқарады. Ақмола облысы елімізде алтын өндіру көлемі бойынша алдыңғы орында.

«Ірі кәсіпорындар өндіріс ауқымын кеңейтіп, жаңа кен орындарын игеріп жатыр. Бұл салада да жүздеген адам тұрақты жұмыспен қамтылады»,- деді Жаркешов.

Даму қарқынының тағы бір айғағы — индустриялық аймақтар. Қазір облыста төрт аймақ жұмыс істейді. Ең ірісі — Аршалы ауданындағы «AQMOLA» индустриялық аймағы. Мұнда 1 триллион теңгеге жуық қаржы құйылған алты ірі жоба жүзеге асып жатыр.

«Астық өңдеу, тыңайтқыш шығару, кірпіш өндіру, құрылыс материалдары мен техника жасау зауыттары салынуда. Бұл аймақ болашақта 4 мыңнан астам адамға жұмыс береді»,- деп атап өтті спикер.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, инфрақұрылым мәселесі де шешіліп келеді: сумен қамту, жарық, газ және жол жүйелері жүргізіліп жатыр.

Ақмола облысының қазіргі қарқыны – тұрақты экономикалық дамудың нақты көрінісі. Инвестиция тарту, жаңа зауыттар салу, өндірісті дамыту – бәрі де өңір тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Егер осы бағыт сақталса, Ақмола өңірі алдағы жылдары еліміздің экономикасындағы ең серпінді аймақтардың біріне айналары сөзсіз.