Целиноград ауданында Мемлекет басшысының Жолдауы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларын іске асыру аясында халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. Негізгі назар су құбырлары желілерін салу мен қайта жаңғыртуға, сондай-ақ шағын елді мекендерде су тазарту кешенді блок-модульдерін орнатуға бағытталған. Бүгінгі таңда аудандағы 27 елді мекенде орталықтандырылған ауыз су жүйесі ұйымдастырылған. Халық саны 200 адамнан аспайтын ауылдарда тұрғындарды санитарлық талаптарға сай таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында су тазарту блок-модульдерін орнату жобалары жүзеге асырылуда.
Қазіргі уақытта аудандағы 24 елді мекенде 36 блок-модуль жұмыс істеп тұр. 2024 жылы қосымша 6 жаңа құрылғы Талапкер, Қажымұқан, Сарыадыр, Қараменді батыр, Преображенка және Жабай ауылдарында орнатылды. Оның ішінде үш елді мекенде модульдер бұрыннан бар нысандарға қосымша қойылса, Жабай, Сарыадыр және Преображенка ауылдарында блок-модульдер алғаш рет орнатылды. Бұған дейін тұрғындар санитарлық талаптарға толық сәйкес келмейтін жергілікті су көздерін пайдаланған болатын.
Заманауи блок-модульдердің басты артықшылығы – олардың орнату мен пайдаланудағы қарапайымдылығы, энергия тиімділігі және қажет болған жағдайда басқа ауылдарға көшіру мүмкіндігі болып келеді. Осы қасиеттердің арқасында олар шағын және қолжетімсіз ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз етудің оңтайлы шешіміне айналып, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға және инфрақұрылымды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруға елеулі үлес қосуда.