Құрметті Целиноград ауданының тұрғындары!
Баршаңызды жылы күздің молшылығымен бірге келген жарқын мереке – Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Отбасы – қоғамның іргетасы, ажырамас бөлігі. Себебі, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпалы мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсемен салыстыруға болмайды.
Халқымыздың бойына біткен қонақжайлылық, үлкенге деген құрмет, туған жерге деген махаббат, толеранттылық секілді барлық ізгі қасиеттер ұрпақтан ұрпаққа отбасылық дәстүр арқылы беріледі. Қоғамда өз орнымызды тауып, ақ пен қараны ажырата білуде жанұядан алған жылылықтың маңызы өте зор. Өйткені, адам баласын мейірімділікке, жақсылыққа үйрететін осы ыстық ұямыз. Түптеп келгенде ана тілімізге, халқымыздың ұлттық дәстүріне сыйластықпен, сүйіспеншілік қарау, Отанды сүю, оған қамқорлық көрсету – отбасында қалыптасады. Сондықтан да «Отан отбасынан басталады» деген даналықты халқымыз тектен текке айтпаған.
Бүгінде Целиноград ауданының жұртшылығы бір отбасындай еліміздің өркендеуіне белсене атсалысып, мемлекетіміздің даму белестеріне лайықты үлестерін қосуда.
«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» демекші, мақтан етер ұрпағымыз көп болғай. Қазақтың әр отбасының керегесі кең, шаңырағы биік, босағасы берік болсын! Осындай қуанышты күні баршаңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, шынайы бақыт тілеймін. Әр үйде бақ қонып, қыдыр дарып, қуаныш пен шаттық шалқысын!
Құрметпен, Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы