ҰКК Шекара қызметі және Ұлттық ұланға шақырылу талаптары хабарланды

ҰКК Шекара қызметі және Ұлттық ұланға шақырылу талаптары хабарланды

2025 жылдың әскерге шақыру кампаниясы шеңберінде еліміздің ҰКК Шекара қызметіне мерзімді әскери қызметке 5200 адамды шақыру жоспарланған. Олардың 2,5 мыңы әскер қатарына көктемде қосылса, қалған 2700 азамат күзде шақырылмақ. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Тәрбие, идеологиялық және кадрлық жұмыс департаменті бастығының орынбасары Берік Жиенбаев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында хабарлағандай, көктемгі тәртіптеме толық орындалды.

«Іріктеу және зерделеу жұмыстары ҚР Арнаулы мемлекеттік органдары туралы Заңының 7-бабына және ҚР азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларына сәйкес жүргізіледі. Аталған заң шеңберінде шекара қызметіне талапқа сай келмейтін келесі тұлғалар қабылданбайды: денсаулығына байланысты әскери қызметке жарамсыз, қажетті моральдық-кәсіптік қасиеттерге және білім деңгейіне ие емес, қылмыстық жауапқа тартылған азаматтар, қызметке жарамдылығын анықтау үшін арнайы тексеру, психологиялық және полиграфологиялық жіктеуден өтпегендер», – деді спикер. 

Ал, 2025 жылдың 20 қараша – 30 желтоқсан аралығында Ұлттық ұлан қатарына 7053 адамды шақыру жоспарда бар. Әскери шақырушыларға қойылатын негізгі талаптар: жасы, физикалық тұрғыдан дамыған, тиісті денсаулық жағдайы және сотталмағаны, білімі негізгі орта білімнен төмен емес болуы қажет. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығы Бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру басқармасының әскерге шақыру және жасақтау бөлімінің бастығы Берік Кәкенов мәлімдеді. 

«Ұлттық ұлан мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге мынадай міндеттер жүктеледі: ішкі істер органдарымен бірлесіп, тәртіпті сақтауға, жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу, жалпы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, маңызды мемлекеттік объектілерді және арнайы жүктерді күзету, сондай-ақ табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою шараларына қатысу. Іріктеу 18 бен 27 жас аралығындағы азаматтар арасында  жүргізіледі», – деді Ұлттық ұлан өкілі.