Әскери қызметке шақыру: қызметті кейінге қалдырудың жаңа ережелері жарияланды

Әскери қызметке шақыру: қызметті кейінге қалдырудың жаңа ережелері жарияланды

Әскери-патриоттық тәрбие туралы заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес білім беруді жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру тиісті білім беру деңгейіндегі ұйымдарда күндіз оқитын азаматтарға оқудың барлық кезеңіне беріледі. Мұндай кейінге қалдыру білім берудің әр деңгейі үшін бір рет беріледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Қарулы Күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары Фархат Айдарбаев мәлімдеді.

«Жоғары оқу орнынан кейінгі білім алатын азаматқа әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру тиісінше резидентура, магистратура немесе докторантурада оқу кезінде бір рет беріледі. Сонымен қатар білім беруді жалғастыру үшін әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру осы ұйым Қазақстан Республикасының Білім саласындағы заңнамасына сәйкес білім беру қызметін жүзеге асырған жағдайда, рухани (діни) білім беру ұйымдарында оқитын азаматтарға беріледі», – деді спикер.

Фархат Айдарбаев білім беруді жалғастыру үшін шақыруды кейінге қалдыру шет мемлекеттердің оқу орындарында қашықтан оқыту форматында оқитын азаматтарға берілмейтінін түсіндірді. Тағы бір жаңалық: мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімінен өткен Қазақстан Республикасының азаматтарына мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқытуға байланысты міндетті пысықтауды оларды оқытуға жұмсалған бюджет шығыстарын өтемей тоқтату құқығы беріледі.

«Сонымен қатар мерзімді қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауапкершілік көзделгенін атап өткім келеді. Мәселен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 647-бабында әскери есепте тұрған немесе тұруға міндетті азаматтың жергілікті әскери басқару органының шақыруы бойынша дәлелсіз себеппен көрсетілген мерзімде келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 648-бабында медициналық куәландырудан не тексеруден жалтарғаны үшін комиссияның жолдамасы бойынша ескерту не әскерге шақырылушыларға салынатын 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл көзделген», – деп хабарлады спикер.

Сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 387-бабына сәйкес әскери қызметке шақырудан заңды негізсіз жалтару 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салуға, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға, 1 жылға дейін бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру ретінде жазаланады. Егер жалтару өзіне зиян келтіру, ауруды модельдеу, жалған құжаттар немесе басқа алдау арқылы жасалса, жаза күшейтіледі, өйткені мұндай әрекеттер ауырлататын жағдайлар ретінде қарастырылады.