Ақмола облысының Целиноград ауданында өрт сөндіру көліктерінің кілттерін табыстау салтанатты рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі ауылдық елді мекендердегі қауіпсіздікті нығайту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда. Жергілікті атқарушы органдарды қолдауға және өртке қарсы қорғауды дамытуға бағытталған «Ауыл құтқарушылары» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірлерге заманауи техника мен жабдықтар берілуде.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы төтенше жағдайлар бөлімі бастығы Сабит Кенжебекпен бірге ауылдық округтердің әкімдеріне 4 өрт сөндіру көлігінің кілтін табыстады. Автокөліктер Мәншүк Мәметова ауылы, Рахымжан Қошқарбаев, Жаңаесіл және Оразақ ауылдық округтерінің әкімдіктеріне берілді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігін арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылуда. Бұл төтенше жағдайларға ден қою уақытын қысқартуға, ауылдық әкімдіктердің жедел әрекет ету дайындығын күшейтуге және ең бастысы – ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді.
Өз сөзінде аудан әкімі өрт қауіпсіздігін нығайту жергілікті атқарушы органдар жұмысының басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Өрт сөндіру техникасының берілуі ауылдық бөлімшелердің жұмыс тиімділігін арттырып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды үлес болмақ.