Целиноград ауданы: Жаңа оқу жылы – жаңа мектепте

Целиноград ауданы: Жаңа оқу жылы – жаңа мектепте

Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Целиноград ауданына қарасты Жаңажол ауылында 80 орынға арналған жаңа мектеп ашылды.

Пайдалануға берілген нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті, жаңа ғимаратты аралап көрді және ұстаздар мен оқушыларды, ата-аналарды айтулы оқиғамен құттықтады.

2 қыркүйектен бастап Жаңажол ауылының оқушылары заманауи талаптарға сай, толық жабдықталған жаңа мектеп ғимаратында оқу жылын бастайды. Жаңа мектепте жарық әрі кең сыныптар, 8 пәндік кабинет, кітапхана, спорт залы және асхана қарастырылған. Барлық кабинеттер жаңа жиһазбен, оқу құралдарымен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл оқу үдерісінің сапасын арттырып, балалардың білім алуына қолайлы жағдай туғызады.

Бұған дейін Жаңажол ауылындағы білім беру үдерісі 1963 жылы салынған мектепте өткізілген. Ол жобамен 112 орынға есептелгенімен, соңғы жылдары онда бар болғаны 61 бала ғана оқыған. Жаңа мектептің ашылуы оқушылар мен мұғалімдердің оқуына және еңбегіне анағұрлым қолайлы әрі жайлы жағдай жасап, балаларға туған ауылында сапалы білім алуға мүмкіндік береді.

Целиноград ауданында білім беру инфрақұрылымын дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл сайын жаңа мектептер салынып, білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Ауылдық мектептерді жаңғырту аясында биыл Қызылсуат, Қараөткел және Қаражар ауылдарындағы үш мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бүгінде ауданда 49 мемлекеттік мектеп жұмыс істейді, оның ішінде бастауыш – 3, негізгі – 8, орта – 38. Сонымен қатар, «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында ауданда 9 200 орынға арналған 7 мектептің құрылысы аяқталды.