Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы қарсаңында Целиноград ауданының Ақмешіт және Шұбар ауылдарында шағын футбол алаңдары мен балаларға арналған ойын алаңдарының салтанатты ашылуы өтті.
Іс-шараға аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы қатысып, жергілікті тұрғындарды осы қуанышты оқиғамен құттықтап, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне және спортпен шұғылдануына жағдай жасау – ең маңызды басымдықтардың бірі екенін атап өтті.
«Енді балалар спортпен айналысып, өз қабілеттерін дамытып, салауатты өмір салтын ұстануға тамаша мүмкіндік алды. Балалардың амандығы мен бақытты өмірі – біздің ең басты байлығымыз. Жаңа спорт және ойын алаңдары ауылдарымыздың көркін ашып қана қоймай, келер ұрпақтың денсаулығын нығайтуға ықпал етеді. Ауданда инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жалғасатын болады», – деп атап өтті аудан әкімі.
Ауылдың ақсақалдары осы игі істі жүзеге асырған жандарға алғыстарын білдіріп, мұндай бастамалардың ауылдық елді мекендерді дамытуға және халықтың өмір сапасын арттыруға зор үлес қосатынын айтты.
Жаңа нысандардың ашылуы жергілікті тұрғындар үшін нағыз мерекеге айналды. Балалар қуана-қуана ойын алаңдары мен футбол алаңдарын сынап көрсе, үлкендер мұндай жобалар қоғамды біріктіріп, салауатты әрі белсенді жас ұрпақты тәрбиелеуге ықпал ететінін атап өтті.