Білім келешегі: Ақмола облысының педагогтары цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін талқылады

Білім келешегі: Ақмола облысының педагогтары цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін талқылады

Қосшы қаласында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» атты 300-ден астам педагог қатысқан облыстық тамыз педагогикалық конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев және Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

«Цифрлық трансформация жағдайында алдымызда жаңа міндеттер тұр: ол тек білім беру ғана емес, балаларды жылдам өзгеріп жатқан өмірге бейімдеу маңызды. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар мұғалімнің көмекшісіне айналып, шығармашылық пен дамуға көбірек мүмкіндік ашуы тиіс. Сонымен қатар, педагогтардың кәсіби өсуі мен лайықты еңбегі үшін барлық жағдайды жасау қажет. Біз халқымыздың және Президентіміздің үмітін ақтауымыз керек. Қазіргі уақытта бәрі мұғалімдерге байланысты – дәл сіздер балаларға өмірде өз орындарын табуға жол көрсетесіздер. Біздің ортақ міндетіміз – бәсекеге қабілетті, болашақтың сын-қатерлеріне дайын ұрпақ тәрбиелеу», – деп атап өтті вице-премьер.

Өңір әкімі сапалы білім беру мен саналы тәрбиелеуге барлық жағдай жасалып жатқанын айтты.

«Тамыз конференциясының пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Педагог – бұл тек мамандық емес, бұл – ұлы міндет» деп атап өтті. Бұл сөздер бізге үлкен ой салады. Шын мәнінде, ұстаздың еңбегі – ұлт болашағының іргетасы. Бүгінде өңірде 23 мыңнан астам педагог балаларға білім беруде, жыл сайын мектептерге 450 жас маман келеді. Біздің өңір елімізде алғаш болып «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 9 мектептің құрылысын аяқтады. Бұл 12 мыңнан астам жаңа оқу орнын ашуға мүмкіндік беріп, облыс орталығы мен елорда маңындағы аймақтағы орын тапшылығын едәуір азайтты. Қазіргі таңда 7 мектептің құрылысы жалғасуда, олардың ішінде 5 мектеп биыл-ақ 1,5 мыңнан астам оқушыны қабылдамақ», – деді Марат Ахметжанов.

Форумның басты мақсаты – цифрлық дәуірдің жаңа сын-қатерлері мен мүмкіндіктерін ескере отырып, оқу үдерісінің сапасын арттырудың тиімді жолдарын айқындау. Пленарлық отырыс аясында Шығыс Қытай педагогикалық университетінің цифрлық білім беру саласындағы жетекші сарапшысы Сяндун Чэнь өз ой-пікірлерімен бөлісіп, жасанды интеллект көмегімен мектеп пәндерін оқыту тәжірибесі туралы айтты.

Озық тәжірибелерімен түрлі деңгейдегі білім беру ұйымдарының жетекші мамандары бөлісті. Мәселен, Көкшетау қаласындағы №11 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Айгүл Амангелдинова әдебиетті оқытуға қызығушылықты арттыру мақсатында жасанды интеллект пен виртуалды шындық мүмкіндіктерін қалай қолданатынын баяндады.

Сонымен қатар, конференция аясында білім беру үдерісінде қолданылатын инновациялық технологиялардың көрмесі өтті. Іс-шара өңірдің білім беру жүйесі өкілдерін марапаттау рәсімімен аяқталды