Спорт күні қарсаңында Целиноград ауданының ардагерлері арасында шахмат және дойбы турнирі ұйымдастырылды.
Іс-шараның салтанатты ашылуына Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы қатысты. Ол қатысушыларды ыстық ықыласпен қарсы алып, оларға мықты денсаулық, ұзақ әрі белсенді ғұмыр, ойындарда сәттілік пен көтеріңкі көңіл күй тіледі, сондай-ақ мұндай кездесулердің аға буын өкілдерінің дене және ой белсенділігін сақтаудағы маңыздылығын атап өтті.
Жарысқа 60 жастан асқан 15 зейнеткер қатысты. Турнир Ақмол ауылында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің базасында өтті.
Шахмат сайысының қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған Совет Қалдыбаев бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Амир Молдағажы, үшінші орынды Александр Суворов иеленді.
Дойбы әуесқойлары арасында жеңімпаз атанған - Могамед Сукалов. Күміс жүлдені Жаңабатыр Мишебаев, қола жүлдені Иса Байзақов еншіледі.
Жеңімпаздар арнайы медальдармен, кубоктармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ұйымдастырушылар турнирдің тек спорттық шара ғана емес, аға буын өкілдерінің қарым-қатынас орнатуына, тәжірибе алмасуына және белсенді демалысына мүмкіндік берген алаң болғанын атап өтті.