Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы аудан орталығын жылумен қамтамасыз ететін Ақмол ауылының орталық қазандығында болды. Сапар барысында ол алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысымен танысты.
Сағаттық қуаты 54 Гкал болатын орталық қазандық жалпы ауданы 249,6 мың шаршы метрден асатын 2,5 мыңнан астам тұтынушыны жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 24 бюджеттік ұйым, 34 көпқабатты тұрғын үй, 713 жеке үй, «Ақмола-Феникс» АҚ-ның өндірістік нысандары және бірқатар коммерциялық құрылымдар бар. Жылу желілерінің ұзындығы - 49 км. Қазандықты «Целиноград коммуналдық қызметі» ШЖҚ КМК қызметкерлері басқарады.
2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында технологиялық және қосалқы жабдықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылғы қыркүйекте «Capital Partners Astana» ЖШС-мен екі жылдық келісімшарт жасалған.
Коммуналдық қызмет директоры Ермек Бибековтың айтуынша, қазандық қызметкерлері дайындық пен жөндеу жұмыстарының толық кешенін жүргізген. Олардың қатарында: қазандықтардың рециркуляциялық қуат желісін ауыстыру, қазандықты қоректендіру сорғы торабын гидравликалық түйіндеу және сорғы орнату, қазандықтардан №1 дренаждық құдыққа дейінгі үрлеу-конденсат желісін ауыстыру, сүзгіш су жылытқыш қондырғылардың қуат желісіне сорғылар орнату және құбыр жүргізу, сондай-ақ тұз ерітіндісіне арналған бак орнату бар. Күл шығару жүйесі де жөнделді: жинақтаушы бункерлерді дәнекерлеу, Ø160 және Ø300 диаметрлі бактарды орнату, Ø16 тростарды ауыстыру, Ø32, Ø50, Ø80, Ø100 диаметрлі жапқыш арматураларды жөндеу, Д-1 маркалы (екі жақты көлденең) желілік сорғылардың клапандарын жөндеу жұмыстары атқарылды.
Сондай-ақ, КЕ-25-14 маркалы №1 қазандыққа ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа қаржы сұратылған, қазір мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Жылыту маусымында жылу беру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады: алдымен әлеуметтік нысандарға (балабақшалар, мектептер, емхана), кейін тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттарға беріледі.
Нысанды аралау барысында жылу көздерінде барлық іске қосу-баптау жұмыстарын аяқтау, таратушы желілерді шаю және қысыммен сынау, сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлердің жылыту жүйелерінде жөндеу-профилактикалық шаралардың орындалуын қадағалау жөнінде тапсырмалар берілді.