Үздіктер үштігінде: Ақмола облысы аграрлық жетекшілік орнын қалай сақтап келеді

Үздіктер үштігінде: Ақмола облысы аграрлық жетекшілік орнын қалай сақтап келеді

Ақмола облысы еліміздің ауыл шаруашылығы саласында үздік үштікке кіреді. Өткен жылы өңір рекордтық көлемде өнім жинап, аграршыларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілді – жеңілдетілген несие, арзандатылған жанар-жағармай, ауыл шаруашылығы техникасын лизингке алу, сондай-ақ сүт-тауарлы фермалар салу қолға алынды. Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен алдағы жоспарлар жөнінде облыс әкімі Марат Ахметжанов брифинг барысында айтып берді.

2024 жылы өңір диқандары соңғы жылдардағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізіп, 6,6 миллион тонна астық жиналды. Қазіргі таңда бұл қарқын бәсеңдеген жоқ: өңірдің жетістіктерін нығайту және рекордтық көрсеткіштерді сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Марат Ахметжановтың айтуынша, облыс ауыл шаруашылығының барлық негізгі бағыттары бойынша тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Бүгінде өңір еліміздегі бидайдың төрттен бір бөлігін – шамамен 5,2 миллион тоннаны өндіреді. Сонымен қатар, құс етінің 30 пайызы (жылына 125 мың тонна) мен жұмыртқаның 16 пайызы (шамамен 690 миллион дана) Ақмола облысының үлесінде. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 149 миллиард теңгеден 161 миллиард теңгеге дейін артты.

Мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Ірі қара мал басы 10 пайызға артып, 450 мың басқа жетті. Қой мен ешкі 15 пайызға көбейіп, 725 мың басты құрады. Жылқы саны 10 пайызға өсіп, 294 мыңнан асты. Құс саны 6 пайызға көбейіп, 10 миллион басқа жуықтады.

«Өсімнің басты қозғаушы күштерінің бірі сүт-тауарлы фермаларды салу және кеңейту болды. Тек өткен жылы бұл бағытқа 15 миллиард теңге инвестиция тартылып, жеті жоба қаржыландырылды. Бес ірі кешен іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы екі ферманың құрылысы аяқталады. Барлық кешен толық қуатында жұмыс істеген кезде облыстағы сүт өндірісі 40 мың тоннаға –бір жарым есеге артады», – деді өңір басшысы.

Егін шаруашылығын дамытуға да айрықша көңіл бөлініп отыр. Мақсат – өңірдің көшбасшылық орнын сақтап қалу әрі Алматы мен Түркістан облыстарын озу.

«Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру басталды. 900 шаруашылыққа 117 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несие берілді – бұл ел бойынша бөлінген қаржының үштен бір бөлігі. Жалпы, 2025 жылы агроөнеркәсіптік кешенге көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі 230 миллиард теңгеден асты. Бұл субсидиялар, жеңілдетілген несиелер мен техника лизингі», – деп атап өтті облыс әкімі.

Қазіргі таңда өткен жылғы кемшіліктер ескеріліп, жаңа орақ науқанына дайындық жүріп жатыр, тасымалдау, сақтау және өнімді өткізу мәселелері пысықталуда. Ауа райы қолайлы болса, биылғы түсім де былтырғы деңгейден кем болмайды – шамамен 6,6–6,8 миллион тонна астық жиналады деп күтілуде.

Ақмола облысы – елорда маңындағы өңір әрі астананың негізгі азық-түлік белдеуі. Бұл ретте өңір тек өндіріспен ғана емес, өңдеумен де айналысуда. «Aqmola» индустриялық аймағында қытайлық «Dalian» компаниясымен бірлесіп, астықты терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жобаны жүзеге асыру үш кезеңге жоспарланған. Зауыт толық қуатына шыққан кезде жылына 3 миллион тоннаға дейін астық өңдейді. Ал алғашқы кезеңде 1 миллион тонна өнім шығарылып, мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады.