Астана қаласының шеткі аймағының аумақтарын кешенді қала құрылыстық дамыту схемасы» жобасын іске асыру аясында Целиноград ауданында аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Толқынбекұлының төрағалығымен көшпелі дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға жобаны әзірлеуші ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты.
Жоба Астана қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының тапсырысы бойынша жүзеге асырылуда. Жобаны әзірлеушілер – «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС, «Урбостиль» ЖШС, «Казгипроград» ЖШС және «Legas» ЖШС. Бұл - Астана қаласы мен Ақмола облысының мәслихаттарының шешімдерімен бекітілетін өңірлік деңгейдегі қала құрылысы жобасы.
Астана қаласының шеткі аймағының шекаралары ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 16 қаңтардағы №71 қаулысымен бекітілген. Бұл аймаққа 80 елді мекен кіреді, оның ішінде Целиноград ауданының 46 ауылдық елді мекені бар.
Дөңгелек үстел барысында қала маңы аймағының 2050 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму стратегиясының тұжырымдамасы, халық санының болжамы, индустриялық-инновациялық даму және азық-түлік белдеуін қалыптастыру схемасы, көлік инфрақұрылымын дамыту схемасы, елді мекендердің бас жоспарлары және рекреация мен экотуризмді дамыту схемасы кіретін негізгі жобалық ұсыныстар ұсынылды.
Целиноград ауданы әкімінің орынбасары өз сөзінде жобаның елорда маңындағы аумақтарды тұрақты және теңгерімді дамыту үшін аса маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, кешенді схеманы іске асыру инженерлік, әлеуметтік және экономикалық процестерді тиімді жоспарлауға мүмкіндік беретінін, бұл өз кезегінде тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз өмір сүру ортасын қамтамасыз ететінін жеткізді.
Жиын барысында қатысушылар жобалық шешімдерді аудан елді мекендерінің ерекшеліктерін ескере отырып жетілдіру бойынша ұсыныстарын білдірді. Сонымен қатар, барлық мүдделі тараптар арасында одан әрі сындарлы өзара іс-қимыл жасауға дайын екендерін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша жобаны соңғы түзету кезінде ескерілетін ескертулер мен ұсыныстар жиналды.