«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында Ақмола облысы Целиноград ауданы Рақымжан Қошқарбаев ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) ашылды. Екі мыңға жуық тұрғынға қызмет көрсетуге негізделген медициналық мекемеде соңғы үлгідегі жабдықтар бар. Фельдшерлер, акушер дәрігерлер бір ауысымда 40-қа жуық тұрғынды қабылдай алады.
Нысанның ашылу салтанатына Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов және Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады.
Жаңа ФАП заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған. Мұнда дәрігерге дейінгі тексеру, егу, таңу, акушерлік көмек көрсету кабинеттері толыққанды жұмыс істейді. Ғимарат ішіндегі санитарлық жағдай да барлық стандарттарға сай келеді.
«Бұрын дәрігерге қаралу үшін аудан орталығына баруға тура келетін еді. Қар жауса, жол жабылады, кейде күн суық, көлік болмай қиналатынбыз. Енді, міне, бәрі көз алдымызда. Бұл – зор қуаныш», – деді ауыл тұрғыны, зейнеткер Раушан Ахмет.
Жаңа медициналық нысан ашылғанына ауылдағы аналар да дән риза. Олар жүктілік кезінде аптасына бір рет УЗИ-ге барады. Бұрын жолға шығуға тартынатын келіншектер үшін енді бәрі қолжетімді. Дәрігер де, кабинет те, жабдық та бар. Бұл – қомақты қолдау.
Фельдшерлік-акушерлік пункт «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында бой көтерді. Жобаның басты мақсаты – шалғай ауыл тұрғындарын сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету.