Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында жаңа маусымдағы алғашқы қымызға арналған ежелгі қазақ мейрамы - «Қымызмұрындық-2025» салтанатты түрде аталып өтті.
Тарихи және мәдени терең тамыры бар бұл дәстүр - табиғатқа құрметті, қонақжайлылықты, молшылық пен бірлікті білдіретін ұлттық рухани мұрамыздың жарқын көрінісі.
Таңертеңнен бастап ауыл қонақтарын ақ жаулықты аналар ыстық бауырсақпен, қою шаймен және балғын қымызбен қарсы алып, қонақжай дәстүрді жандандыра түсті.
Құрметті ақсақалдар мерекені бата берумен ашып, елге амандық, бірлік пен береке тіледі.
Мерекелік шараның шырайын халық әндері мен күйлері, шығармашылық ұжымдардың өнер көрсетулері және ұлттық спорт түрлерінен жарыстар аша түсті.
Аудан тұрғындары мен қонақтарын мерекемен құттықтап, Целиноград ауданы әкімінің атынан аудан әкімінің орынбасары Жәнібек Толқынбекұлы сөз сөйледі. Ол қымызмұрындықтың қазақ халқының рухани мұрасындағы маңызын ерекше атап өтіп, мерекені ұйымдастыруға атсалысқан барлық азаматтарға алғысын білдірді.
«Қымызмұрындық - бұл тек халықтық дәстүр емес, бұл - ұрпақтар сабақтастығының символы, ата-баба мәдениетіне деген құрмет пен ұлттық сана-сезімнің көрінісі», - деді ол өз сөзінде.
Қажымұқан ауылында өткен бұл айтулы шара - қазақтың байырғы дәстүрлерін сақтау мен дәріптеуге, халықтың бірлігін нығайтуға және рухани жаңғыруға бағытталған маңызды қадам болды.