Жұмыс сапары аясында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы бірқатар ауылдарды аралап, тұрғын үй құрылысы, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларындағы жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.
Ақмол ауылында аудан әкімі көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс алаңдарын аралады. Бұл үйлерді «Компания ТСК» ЖШС мен «Арнайы-Құрылыс» ЖШС мердігер ұйымдары салып жатыр. Аудан басшысы құрылыс жұмыстарының мерзімі мен сапасын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, ауыл тұрғындарын қолайлы баспанамен қамтамасыз ету қажеттігін ерекше айтты.
Нұресіл ауылында Дарын Сабырғалиұлы «Альянс LTD» ЖШС мердігер ұйымының өкілдерімен сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту және салу жобасын аяқтау мерзімін талқылады. Сонымен қатар, ол «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны көріп шықты.
Раздольное ауылында аудан әкімі жаңадан салынып жатқан медициналық пункттің құрылысымен танысты. Ал Жаңа Жайнақ ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктке барып, мектеп алдындағы аумаққа балалар және спорт алаңдарын орнату жобасымен танысты. Бұл жобаны жүзеге асыруда балалардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қараменді батыр ауылында Дарын Сабырғалиұлы фельдшерлік-акушерлік пунктті қарап шығып, сумен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізіп жатқан «IT-Invest company» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жұмыстарды үйлестіру және техникалық талаптарды сақтау мәселелері талқыланды.
Сапардың соңғы нүктесі Төңкеріс ауылы болды. Мұнда аудан әкімі сумен жабдықтаудың тарату желілерін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырып жатқан «StroyCompany – 2017» ЖШС өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ, ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктті аралап, жағдайымен танысты.
Сапар барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстары бойынша бірқатар ескертулер жасап, мерзім, материал сапасы және жұмыстардың ұйымдастырылуы сияқты өзекті мәселелерді көтерді. Сапар қорытындысы бойынша тиісті бөлімдер мен мердігер ұйымдарға жобаларды уақтылы әрі сапалы аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.