
Жастардың кәсіби жетістігін қолдауға бағытталған «Jas Keñes Sıylığı – 2025» сыйлығының маңызы мен жаңашылдықтары кеңінен таныстырылды. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі Шолпан Айтқожина, брифинг барысында сыйлықтың мән-маңызы мен биыл енгізілген жаңа бағыттары туралы баяндады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Аталған премия еліміздің қоғамдық және экономикалық өміріне елеулі үлес қосып жүрген жас азаматтарды қолдау мақсатында 2024 жылы құрылған тәуелсіз жастар марапаты. Бұл жастар сыйлығы ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің бастамасымен жүзеге асырылуда.
Спикердің айтуынша, биыл сыйлық құрылымына бірқатар жаңашылдықтар енгізілген. Атап айтқанда, номинациялар саны былтырғы 7 бағыттан 10-ға дейін кеңейтіліп, ғылым, медицина, креативті индустрия, IT және атом өнеркәсібі сынды жаңа салаларды қамтыды.
«Jas Keñes Sıylığı – жастарға көрсетілген сенімнің және олардың еңбегінің бағалануының көрінісі. Бұл марапат нағыз еңбегімен ерекшеленген жас азаматтарды ел алдында танытуға мүмкіндік береді. Биылғы жаңа номинациялар қоғамдағы өзекті салаларға бағытталып отыр», деді Шолпан Айтқожина.
Сыйлықтың 10 негізгі номинациясы:
Сыйлыққа 35 жасқа дейінгі кез келген қазақстандық азамат қатыса алады. Өтінімдер 2025 жылғы 20 маусым мен 20 шілде аралығында www.jas-kenes.kz/application сайтында қабылданады. Байқау қорытындысы бойынша әр номинациядан екі жеңімпаздан, жалпы саны 20 лауреат анықталады. Әр жеңімпазға 1 миллион теңгеден қаржылай сый табысталады. Жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.
Сыйлықтың бас серіктесі – «Brave Talents» компаниясы. Ал толық ақпарат www.jas-kenes.kz сайтында қолжетімді.