Белгіленген кестеге сәйкес, Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы кезекті жеке қабылдауын өткізіп, әлеуметтік, коммуналдық және инфрақұрылымдық салаға қатысты бірқатар тұрғындардың өтініштерін тыңдады.
Қабылдауға алғашқы болып келген Шубар ауылының тұрғындары газбен қамту мәселесіне қатысты сауалдарын жолдады. Бір жағдайда тұрғынның үйі қолданыстағы газдандыру жобасына енбей қалған. Осыған байланысты аудан әкімі тиісті бөлімдерге және мердігер ұйымдарға осы үйді қосу үшін қосымша газ тарату желілерін тарту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Екінші жағдайда отбасында мүмкіндігі шектеулі адам бар азаматша жекеменшік тұрғын үйді газдандыруға жеңілдік алу туралы мәселе көтерді. Бұл сұрақ бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттар аясында тиісті түсіндірме берілді.
Ақмол ауылының 1-шағынауданының тұрғындары бірнеше өзекті мәселені көтерді. Атап айтқанда — жаз мезгіліндегі су беру кестесінің тұрақсыздығы, қаңғыбас иттерді аулау, қоқыс контейнерлерінің жетіспеушілігі және жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселелер. Әсіресе, басты жолдарда электросамокаттар мен электровелосипедтермен жүретін балалардың қозғалысы алаңдаушылық туғызды. Аудан әкімі тиісті бөлімдерге әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауды, сондай-ақ ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ қабылдау барысында жер мәселесіне қатысты үш өтініш қаралды. Олардың ішінде — жер учаскелерінің шекараларын нақтылау және жер беру заңдылығын түсіндіру сұрақтары болды.
Барлық жүгінген азаматтарға қолданыстағы заңнама аясында түсіндірме мен кеңестер берілді. Бірқатар мәселелер аудан әкімдігі мен салалық бөлімшелердің бақылауына алынды.
Естеріңізге саламыз, аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы алдын ала жазылу арқылы өткізіледі. Қабылдауға жазылу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 (71651) 30-509.