Целиноград ауданында республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында «Таза Қазақстан – таза ауыл» атты экологиялық сенбілігі өтті. Іс-шара Шалқар ауылдық округіндегі Нұра өзенінің көрікті жағалауында ұйымдастырылды.
Сенбіліктің басты мақсаты – тек қана аумақты тазарту емес, сонымен қатар, тұрғындарда, әсіресе жастар арасында, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру болды.
Экологиялық акцияға мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, оқушылар, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Барлығы бірлесіп, өзен жағалауын қоқыстан тазартып, пластик, шыны және тұрмыстық қалдықтарды жинады.
Мұндай игі шаралар - табиғатқа деген ұқыпты қарым-қатынасты қалыптастырудың маңызды қадамы. Олар қоғамдағы экологиялық мәдениетті арттырып, жауапты ұрпақты тәрбиелеуге және қоғамдық бірлікті нығайтуға ықпал етеді.
Балықшылар мен демалушыларға үндеу!
Құрметті Нұра өзенінің жағасына келуші қонақтар мен балықшылар!
Табиғатты аялаңыздар - арттарыңыздан қоқыс қалдырмаңыздар, тазалықты сақтаңыздар. Әр бөтелке, қалта не темекі қалдығы табиғатқа зиян келтіріп, туған өлкенің көркін бұзады.
Өзенді таза ұстау - бәріміздің ортақ міндетіміз!
Табиғатты сақтау - бұл бір реттік емес, өмір салты. Ол кішкентай әрекеттен басталады: зиян келтірмеу, өзінен кейін тазалық қалдыру және болашақ ұрпаққа таза табиғатты аманат ету.
Аудан тұрғындарын және қонақтарын табиғатты қорғауға бағытталған шараларға белсенді қатысуға шақырамыз!