Целиноград ауданында «Өмір даналығы – жан қуаты» клубы ашылды

Целиноград ауданында «Өмір даналығы – жан қуаты» клубы ашылды

Астана күні мен Ұлттық домбыра күні қарсаңында Целиноград ауданында зейнет жастарына арналған жаңа әлеуметтік бастама – «Өмір даналығы – жан қуаты» клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапхана базасында құрылған бұл клубтың мақсаты – аға буын өкілдерінің бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік жасау, оларды белсенді өмір салтына баулу, шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту.

Клубтың ашылуы ұйымдастырылып, шараға аудан тұрғындары, қонақтар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Іс-шара барысында қатысушыларды Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы құттықтап, жаңа клубтың қоғамдық өмірдегі маңыздылығына тоқталды.

«Өмір даналығы – жан қуаты» клубы – бұл құрметті демалысқа шыққан азаматтарымыздың қоғамнан шет қалмай, өз әлеуетін іске асыруына арналған алаң. Мұнда олар түрлі бағытта дамып, қызықты кездесулер мен шығармашылық жобаларға қатыса алады. Бұл бастама – ел Президентінің «Қамқор қоғам» ұстанымына сай келетін нақты қадам, – деді аудан әкімі өз сөзінде.

Салтанатты шарада ақ жаулықты әжелер шашу шашып, ұлттық дәстүрді жаңғыртты. Сонымен қатар, клубтың ашылуына орай бата беріліп, күй ойналып, ерекше рухты концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнерпаздар Айнұр Байнолдинова «Алғыс» әнін орындаса, Армат Амандықовтың «Алаш айбары» туындысы жиналғандарға ерекше әсер қалдырды.

Жаңа клуб аясында алдағы уақытта денсаулықты нығайту, қолөнер, әдебиет, психологиялық тренингтер, ұлттық өнер мен дәстүрді жаңғырту бағытындағы түрлі шаралар өткізілмек. Бұл жоба аудан тұрғындарының белсенді ұзақ өмір сүруіне ықпал етіп, олардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.