BOZOQ FEST – QYMYZMURYNDYQ 2025: Қымыз тойы — далалық дәстүрлердің қайта жаңғыруы

BOZOQ FEST – QYMYZMURYNDYQ 2025: Қымыз тойы — далалық дәстүрлердің қайта жаңғыруы

Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігі мен «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы ежелгі қазақ дәстүрлерінің бірі — «Қымызмұрындық» мейрамына арналған республикалық этнофестиваль өткізді.

Іс-шара «Бозоқ — өңірлерде» мәдени-ағартушылық жобасы аясында ұйымдастырылып, елдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Фестивальдің негізгі мақсаты — Ұлттық археологиялық «Бозоқ» паркін құру бастамасын кеңінен насихаттау, сондай-ақ Еуразия дала өркениетінің материалдық емес мәдени мұрасын сақтау мен жаңғырту болып табылады.

Бурабайда өткен VI Ұлттық Құрылтайда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өтті: «Мәдениет дегеніміз – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес. Бұл – ұлттық сана-сезімді жаһандық ауқымда нығайта түсетін мықты тұғыр».

Фестиваль тұжырымдамасы дәл осы ұстанымға негізделді - дәстүрлерді тек көрсету ғана емес, оларды заманауи қоғамның бір бөлшегіне айналдыру.

«Қымызмұрындық» фестивалі – жаз жайлауына көшкен соң алғашқы қымыз сапыру рәсіміне негізделген көне дәстүр. Бұл ғұрып молшылықтың, табиғатқа деген құрметтің және қонақжайлықтың белгісі ретінде қарастырылған. Іс-шара аясында осы салт-дәстүрлер толыққанды қайта жаңғыртылды: бие сауу, күбіден қымыз пісу,  қымызды сақтау мен ұсыну ерекшеліктері жөніндегі түсіндірмелер,  кимешек киген әжелер қымыздың шипалық қасиеттері мен ұрпақтан-ұрпаққа берілетін білімдерімен бөлісуі, қонақтарды бауырсақпен, шашумен және балғын қымызбен сыйлау.

Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы фестиваль қатысушыларына арнаған құттықтау сөзінде:

«Қымызмұрындық - ұлттың ұлылығын, бірлігін, табиғатпен етене байланысын көрсететін тағылымы терең дәстүр. Ата-бабамыз ғасырлар бойы қымызды қастерлеп, оны халқымыздың денсаулығы мен құндылығының нышаны еткен. Бүгінгі шара – ұмытылмас салттарымызды жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа аманат етудің жарқын үлгісі», - деп атап өтті.

Фестиваль аясында қолөнер көрмесі өтіп, танымал шебер, Киіз басу шеберлері қауымдастығының төрайымы Бибігүл Карденованың жетекшілігімен киіз басу, иірім иіру және тоқу бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Фестивальдің қорытынды бөлімінде халық музыкасы мен этнографиялық көріністер тоғысқан мерекелік концерт өтті.

Музей-қорық қызметкерлері Жанболат Қазанбаев пен Кымбат Бақытжанова «Қымызмұрындық - Еуразия даласының қымыз мейрамы: лейтмотив, жады және болмыс» атты ғылыми монографияны таныстырды. Жобаның авторы, этнограф Зұбайда Қабиқызы Сурағанова сахнаға шақырылып, ғылыми үлесі үшін алғыс білдіріліп, гүл шоқтары табысталды.

Құрметті қонақтар қатарында: Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы,  археолог, профессор Марал Хабдулина, Италиядан келген ғалым, профессор Жан-Лука Бонора,  этнограф, монография авторы Зұбайда Сурағанова, тарих ғылымдарының докторы Аяған Бүркітбай, қазақ мифологиясын зерттеуші Зира Наурызбай және басқа да отандық және шетелдік ғылым, мәдениет қайраткерлері мен қолөнер шеберлері болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы «Қымызмұрындық» дәстүрі ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне ресми түрде енгізілген болатын. Бұл — қазақ халқының өмір салтының, дүниетанымының және табиғатпен үндестігінің маңызын мойындаудың көрінісі.

Өткізілген BOZOQ FEST – QYMYZMURYNDYQ 2025 фестивалі — мәдени мұраға құрметпен қараудың жарқын үлгісі ретінде танылып, ұлттық дәстүрлердің байлығын паш етті әрі әр буын өкілдерін бірлік пен отаншылдық рухында тоғыстырды.