Бүгін елордадан небәрі 5 шақырым жерде орналасқан «Қоянды» жекеменшік индустриялық аймағының ресми ашылу рәсімі өтті. Жалпы аумағы 68 гектарды құрайтын жаңа нысан өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Индустриялық аймақтың мақсаты – заманауи өндірістерді іске қосу, импортты алмастыру, шетелдік инвестиция тарту және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту.
Салтанатты іс-шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов, ҚР Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктерінің вице-министрлері, сондай-ақ Қазақстан, Швеция, Хорватия және Біріккен Араб Әмірліктерінен келген инвесторлар мен серіктес компаниялардың өкілдері қатысты.
Аймақтың флагмандық жобасы – «Biolife Proprevit» кешені. Аталған өндіріс ошағы инновациялық сауықтыру бағытындағы сүт өнімдерін шығаруға маманданбақ. Жалпы ауданы 5000 шаршы метрді құрайтын кешен 2025 жылы пайдалануға беріледі. Жоба BAE-ден келген Exim Finance компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып, шведтік Ecolean компаниясының озық қаптама технологияларын қолданады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – шамамен 30 млрд теңге. Жалпы алғанда, 2030 жылға дейін 181,8 млрд теңгеден астам сомаға 10 жоба іске асырылмақ.
«ИНИПП Agro HoldingBayan» ЖШС-нің бас директоры Абай Ысқақовтың айтуынша, бұл кешеннің өнімдері еңбек жағдайы күрделі өндіріс орындарында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналмақ және ол ЕАЭО елдері, Еуропа, Африка, Қытай мен Түркияға экспортталады.
Сонымен қатар индустриялық аймақ аясында жеміс-жидектерді қайта өңдеу, құрғақ сүт пен бөтелкеленген сусындар өндіру зауыттарын және көлік-логистикалық хаб салу жоспарланған.
«Қоянды» индустриялық аймағына мемлекет тарапынан бірқатар қолдау көрсетілді: салықтық және кедендік жеңілдіктер, инвесторлардың құқықтарын қорғау кепілдіктері, инфрақұрылым шығындарын өтеу сияқты ынталандыру шаралары ұсынылған.
Жоба өңірдің экономикалық дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және Ақмола облысының тұрақты дамуына үлес қосуға бағытталған.