Целиноград ауданында Мемлекеттік қызметшілер күніне, Полиция күніне және Сот жүйесі қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Мерекелік іс-шара Ақмол ауылындағы «Рухани жаңғыру» саябағында ұйымдастырылып, оған аудан әкімдігі, құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлері, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Салтанатты жиында құттықтау сөзін сөйлеген аудан әкімі Дарын Сабырғалиұлы:
«Бізді бәрімізді бір ортақ мақсат біріктіреді – ол халыққа адал қызмет ету. Әрқайсыңыз бұл жолды саналы түрде таңдап, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, ел игілігі үшін еңбек етуге бар күш-жігеріңізді салып келесіздер. Сіздерге және отбасыларыңызға мықты денсаулық, татулық пен береке, кәсіби шеберлікті арттыру жолында толағай табыстар тілеймін. Баршаңыздың елге, халыққа деген адал қызметтеріңіз үшін алғыс білдіремін!»
Аудан басшысы өз сөзінде осы салалардың қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан сала ардагерлеріне ерекше алғыс білдіріп, олардың еңбегі – жас мамандар үшін үлгі екенін атап өтті.
Мерекеге орай өз салаларында ерекше көзге түскен қызметкерлер мен сала ардагерлері адал еңбегі, кәсіби шеберлігі және саланы дамытуға қосқан үлесі үшін төсбелгілермен, құрмет грамоталарымен және алғыс хаттармен марапатталды.
Іс-шара соңында ауданның өнер ұжымдары мен орындаушыларының қатысуымен мерекелік концерт өтті. Бұл кеш - ел тыныштығы мен қоғамның әділдігін қамтамасыз етіп жүрген жандарға көрсетілген құрмет пен ризашылықтың жарқын көрінісі болды.