Көкшетау қаласында Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты шара өтті. Іс-шара барысында алғаш рет мемлекеттік қызметке қабылданған ақмолалықтар салтанатты түрде ант берді. Мемлекеттік қызметте үздік нәтиже көрсеткен қызметкерлерге ведомстволық марапаттар табысталды.
Кәсіби мерекемен жиналғандарды Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтап, өз сөзінде қазіргі кезеңде мемлекеттік қызмет жүйелі өзгерістер кезеңін бастан кешіп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде цифрлық технологиялар енгізіліп, мемлекеттік қызметшілердің құзыреттілігі мен этикасына қойылатын талаптар артуда. Азаматтардың мүддесіне басымдық беріле отырып, адал жолмен, нәтижеге бағытталған жұмыс қағидаты орнығуда. Қызмет ашықтық, жариялылық және есептілік принциптеріне негізделіп жүзеге асырылуда.
«Мемлекеттік қызметші күні – бұл кәсіби мереке ғана емес, әрбір қызметкердің қоғамдағы рөлін терең түсінуге мүмкіндік беретін маңызды сәт. Мемлекеттік қызметшінің еңбегі – Отан мен халыққа деген адалдықпен өлшенеді. Сіздер – мемлекеттік саясатты барлық салаларда жүзеге асыратын негізгі күшсіздер. Мемлекеттік қызметші үшін халықтың сенімінен асқан мәртебе, биік баға жоқ деп білемін», – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов.
Мемлекеттік қызмет саласының ардагерлері мен қызметкерлері көп жылғы мінсіз еңбегі үшін «Мемлекеттік қызмет ардагері», «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгілерімен, сондай-ақ Ақмола облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекеттік қызметші күніне орай өңірде бірқатар маңызды шаралар ұйымдастырылды. Олардың қатарында қайырымдылық акциялары, мәдени және бұқаралық спорттық іс-шаралар, мемлекеттік қызметшілер арасындағы челлендждер мен «Үздік қызмет көрсетуші» байқауы бар.