Көкшетауда өңірдің үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Көкшетауда өңірдің үздік медицина қызметкерлері марапатталды

Ақмола облысында 14 сағат бойы әйел адамның өмірі үшін күрескен алты дәрігер арнайы марапатқа ие болды. Оларға кәсіби мереке қарсаңында Көкшетау қаласында өткен салтанатты жиында құрмет көрсетілді. Іс-шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Адам өмірін сақтап қалуда кәсіби біліктілік пен жанкештілік танытқан Аршалы аудандық ауруханасы мен №2 көпбейінді облыстық аурухананың алты қызметкері «Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Өте ауыр халде түскен науқастың жүрегі реанимациялық іс-шаралар кезінде төрт рет тоқтап, дәрігерлердің 14 сағаттық тынымсыз еңбегінің арқасында оның өмірі аман қалды.

Жалпы, денсаулық сақтау саласына сіңірген еңбегі үшін 45 ақмолалық медицина қызметкері мемлекеттік және салалық марапаттарға, Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарға ие болды.

Өз сөзінде өңір басшысы Марат Ахметжанов медицина қызметкерлерінің күн сайынғы еңбегі халықтың денсаулығын жақсартуға, денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға зор үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Сіздер күн сайын адам өмірі мен саулығы үшін жауапты, ерекше миссияны орындап жүрсіздер. Науқастардын да, олардың отбасыларының да үміті – сіздерде. Өңірдегі денсаулық сақтау жүйесі дамып келеді, бұл – сіздердің де жанқиярлық еңбектеріңіздің нәтижесі. Біз халықтың сапалы медициналық көмек алуына жағдай жасауды жалғастырамыз», – деді облыс әкімі.

Медицина қызметкерлеріне деген шынайы алғысын Ақкөл қаласынан келген Антоновтар жанұясы да білдірді. Олардың ұлы, 2014 жылы туған Андрей Антонов ауыр диагноз – менингоэнцефалитпен ауырған.

 «Ұлымыздың өмірін аман алып қалған көпбейінді облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері мен барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз. Жоғары кәсібиліктің, мейірім мен жанашырлықтың арқасында ол толық сауығып кетті. Бұл – біздің отбасымыз үшін баға жетпес бақыт. Қиын сәтте жанымыздан табылғандарыңыз үшін алғысымыз шексіз», – деді Андрейдің анасы.

Дәрігерлерге өзінің ерекше сыйын 3-сынып оқушысы Ясмин Бекіш те ұсынды. Ол өз қолымен жасаған «Медициналық робот» атты өнертабысы арқылы медицина қызметкерлерін құттықтады.

Бүгінде Ақмола облысында 560 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Өңірде 12 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың қатарында 2 мыңға жуық дәрігер, шамамен 6 мың орта буын және 4 мыңнан астам кіші медициналық қызметкер бар.