Целиноград ауданында медицина қызметкерлерін салтанатты құттықтау рәсімі өтті

Целиноград ауданында медицина қызметкерлерін салтанатты құттықтау рәсімі өтті

Маусымның үшінші жексенбісінде еліміздің барлық өңірлерінде ақ халатты абзал жандар – жүздеген адамның өмірін сақтап қалған заманымыздың нағыз қаһармандарына құрмет көрсетілуде.

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында аудандық Мәдениет үйінде салтанатты жиналыс ұйымдастырылды.

Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Бүгінде ауданның денсаулық сақтау жүйесінде 97 дәрігер мен 235 орта буын медицина қызметкері еңбек етуде. Өз сөзінде аудан әкімі бұл мерекенің – өз өмірін ең ізгі және игі мамандыққа арнаған жандарға деген құрметтің белгісі екенін атап өтті.

– Бүгін біз дәрігерлерді, медбикелер мен санитарларды, фельдшерлер мен терапевттерді, зертханашылар мен провизорларды, жедел жәрдем қызметкерлерін және адам өмірін сақтап, денсаулық пен үміт сыйлайтын өзге де мамандарды ұлықтаймыз. Медицина – бұл жай ғана жұмыс емес, жанқиярлықты, мейірімділікті, кейде тіпті батылдықты қажет ететін қасиетті мамандық. Сіздер күн мен түнге қарамай, мереке мен демалыссыз, кез келген жағдайда азаматтарымыздың денсаулығының сақшысы болып келесіздер. Сіздердің кәсібиліктеріңіздің және іске адалдығыңыздың арқасында мыңдаған науқас сауығып, толыққанды өмірге қайта оралуда. Қиындығы мол, бірақ аса маңызды еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Дарын Сабырғалиұлы.

Аудан әкімі денсаулық сақтау саласының ардагерлеріне де ерекше алғысын білдірді. Олар отандық медицинаның озық дәстүрлерін дамытып, жас мамандарға үлгі болып, баға жетпес тәжірибелерімен бөлісіп келеді.

Салтанатты шара барысында ауданның медициналық мекемелерінде қызмет ететін бірқатар үздік мамандар марапатталды. Кәсіби қызметіндегі жетістіктері үшін оларға төсбелгілер, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.

Мереке аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен аяқталды.