Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауды өткізді

Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтарды жеке мәселелері бойынша кезекті қабылдауды өткізді

Белгіленген кестеге сәйкес, Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы азаматтар жеке қабылдауын өткізді. Қабылдау барысында Қоянды, Ақмол және Опан ауылдарының тұрғындары тарапынан тіршіліктің әртүрлі салаларына қатысты мәселелер қаралды.

Қоянды ауылының тұрғыны аудан әкіміне елді мекенде электрмен жабдықтау желілерін салу жобасының аяқталуына қатысты сұрақпен жүгінді. Аудан әкімі жобаның жүзеге асырылу барысы, орындалған жұмыстар көлемі және алда тұрған құрылыс кезеңдері туралы толық ақпарат берді.

Кейін Ақмол ауылының 1-ші шағынауданының тұрғындары қабылдауда болды. Негізгі көтерілген мәселелер — электр және су беру жүйелеріндегі үзілістер, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары. Сондай-ақ, арнайы ҚТҚ полигонын салу және AMANAT партиясы ғимаратының қарсы бетіне аялдама павильонын орнату бойынша ұсыныстар айтылды.

Қабылдаудың соңында Опан ауылының тұрғындары қабылданды. Олар көше жарығын орнату, медициналық кадрларды тарту, балалар алаңына қоршау орнату мәселелерін көтерді. Сонымен қатар, электр қуаты өшіп қалған жағдайда су сорғы станциясының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету үшін дизель-генераторлық қондырғы сатып алуға жәрдемдесу туралы өтініш білдірді.

Көтерілген барлық мәселелер бойынша білікті түсіндіру мен кеңес берілді. Бірқатар өтініштер аудан әкімдігінің құзырлы бөлімдерінің бақылауына алынды.

Естеріңізге саламыз, аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы алдын ала жазылу арқылы өткізіледі. Қабылдауға жазылу үшін мына телефонға хабарласуға болады: 8 (71651) 30-509.