Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен өңірлік әкімдікте «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Жиынға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Асхат Оразхан, аумақтық құқық қорғау және атқарушы органдардың басшылары, облыс әкімінің аппаратына қарасты құрылымдық бөлімшелердің өкілдері, сондай-ақ бейнеконференция байланысы арқылы қала және аудан әкімдері қатысты.
Отырыста Асхат Оразхан туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижелерін ұсынды. Анықталған негізгі мәселелер қатарында субсидиялау мен шығындарды өтеу үдерісінің ашық еместігі, лицензия беру кезінде орын алатын манипуляциялар, сондай-ақ жер телімдерін бөлу кезінде туындайтын жемқорлық тәуекелдері атап өтілді.
Сонымен қатар, ол ағымдағы жылы жүзеге асырылып жатқан №4 базалық үлгілік бағыт — «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Осы кезеңде облыстық 10 басқарма мен 10 қала және аудан әкімдіктерінің қызметіне ішкі талдау жүргізіліп, нәтижесінде 118 тәуекел анықталған.
Бұдан бөлек, жүргізілген мониторингтер мен сыртқы талдаулар нәтижесінде әзірленген ұсынымдардың орындалу барысы да назарға ұсынылды.
Жиын барысында туризм саласындағы жемқорлық тәуекелдерін жою және мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Туризм басқармасы мен Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын талдау бөлімінің басшылары баяндама жасады.
Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі тиісті басқармалар мен қала, аудан әкімдіктеріне ведомствоаралық комиссия хаттамасының тапсырмаларын орындау және талдаулар мен мониторингтер нәтижесінде енгізілген ұсынымдарды жүзеге асыру барысын жеке бақылауға алуды тапсырды.