Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның төрағалығымен 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жөніндегі жедел штабтың ведомствоаралық отырыстары өтті.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – елді мекендерді су басу қаупінің алдын алуға және инфрақұрылым нысандарын қорғауға бағытталған Кешенді жоспардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету болды.
Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстарды ерте бастап, барлық мүдделі құрылымдардың өзара үйлесімді іс-қимыл жүргізуінің маңыздылығына тоқталды.
«Кешенді жоспар жергілікті ұсыныстардың негізінде әзірленді. Оның әрбір тармағы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Су тасқынына қарсы іс-шаралар – осы маусымдағы басым бағыттардың бірі», – деді Мұрат Балпан.
Отырыс барысында су тасқынына қарсы іс-шаралардың негізгі бөлігі жоспарланған аудандардың әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Бұланды ауданының әкімі Ардақ Смаилов Макинск қаласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады:
«Бүгінгі таңда 13 су өткізу құрылысы орнатылып, ұзындығы 1835 метр болатын арық жүйесі тазартылды. Қосымша құбырлар жеткізуге қатысты конкурс рәсімдері аяқталды. Бірқатар нысандар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді», – деді ол.
Атбасар ауданының әкімі Кеңеш Әлімжанов жоспарланған жұмыстар белгіленген мерзімде атқарылатынын атап өтті:
«Жоспарға енгізілген барлық іс-шаралар пысықталу үстінде. Алдағы уақытта су арналарын тазарту, бөгеттерді бекіту және өзге де қажетті жұмыстарды бастаймыз», – деді аудан әкімі.
Жиын барысында сондай-ақ Астрахан, Сандықтау, Зеренді аудандарының әкімдері, табиғи ресурстар басқармасының басшылығы, «Казводхоз» РМК филиалының және «Бурабай» ұлттық паркінің өкілдері сөз сөйледі.
Кездесу қорытындысы бойынша барлық бағыттар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Отырыста көтерілген ұсыныстар мен міндеттер хаттамаға енгізіліп, одан әрі орындауға жолданды.