Целиноград ауданында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Целиноград ауданында Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті

Ақмол ауылында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Биыл еліміздің Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ресми түрде бекітілгеніне 33 жыл толып отыр.

Мерекелік шара «Рухани жаңғыру» саябағында ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Іс-шараға Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғалиұлы, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам белсенділері, жастар ұйымдары мен ауыл тұрғындары қатысты.

Целиноград ауданының әкімі құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі маңызын атап өтті:

– Мемлекеттік рәміздер  мемлекетіміздің, егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші бейнесін білдіреді. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба, Мемлекеттік Әнұран - бұл біздің ұлттық байлығымыз, ел тарихына, мемлекеттік тілге, мәдениет пен дәстүрлерге деген терең құрметтің көзі. Мемлекеттік рәміздер бізді Отан тағдырындағы ең маңызды сәттерде — ұлттық мерекелерден бастап спорттық жеңістерге дейін біріктіреді. Мемлекеттік рәміздерге құрмет – бұл заң талабы ғана емес, Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың көрінісі. Бұл күн әр азамат үшін патриоттық рухты оятып, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін терең сезінуге мүмкіндік береді, – деді Дарын Сабырғалиұлы.

Шара аясында ауданның дамуына, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосып жүрген түрлі сала өкілдері, жастар көшбасшылары мен қоғам белсенділері марапатталды.

Іс-шара жергілікті өнер ұжымдарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен қорытындыланды. Концерт барысында Отанға арналған патриоттық әндер, би қойылымдары және көркем шығармалар ұсынылды.

Бұл мерекелік күн елге, туған жерге деген сүйіспеншілік пен бірліктің шынайы көрінісіне айналды.