2025 жылғы 22 мамыр мен 1 маусым аралығында Ақмола облысында Балаларды қорғау күніне орай алғаш рет «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны өткізіліп жатыр. Науқанның мақсаты – өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығы, қауіпсіздігі мен амандығына назар аудару, балалардың жан-жақты дамуына қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру.
26 мамырда Целиноград ауданында аталған науқан аясында «Балалардың сенімді дәрігері» атты тақырыптық күн ұйымдастырылды.
Бұл күннің басты іс-шараларының бірі – мектеп оқушыларына арналған таңғы бұқаралық жаттығулар болды. Шара салауатты әрі белсенді өмір салтын насихаттауға, балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды.
Іс-шараға аудан мектептерінің оқушылары, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері, педагогтер мен медицина қызметкерлері қатысты.
Целиноград ауданының әкімдігі акцияны ұйымдастыруға атсалысқан барлық қатысушыларға алғыс білдіреді және аудан тұрғындарын өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға бағытталған бастамаларды қолдауға шақырады.