Ақмола облысында 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Бүгінде әлеуметтік осал топтар арасынан шыққан азаматтарды кәсіпке баулу және кәсіпкерлікті дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренованың төрағалығымен өткен өңірлік жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
Қазіргі таңда облыста 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 5,2 мыңнан астамы тұрақты. Бұл жұмыстар Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында жүзеге асырылуда. Құжаттың негізгі бағыттары – халықты жұмыспен қамту, кәсіптік білім беру, шағын кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау.
«Біз тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, сапалы жұмыспен қамтуға баса мән беруіміз қажет. Ең бастысы – тұрақты жұмыс орындарын құру және азаматтарды экономикалық белсенділікке тарту», – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова.
Жұмысшы мамандықтар жылы аясында 128 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Олардың қатарында аспаз, тракторшы-машинист, шаштараз, дәнекерлеуші сияқты сұранысқа ие мамандықтар бар. Бұл бағыттағы жұмыс оқу орталықтары мен жұмыс берушілердің серіктестігі арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, еңбек мобильділігі орталығы мен мансап орталықтарының филиалдары да белсенді қызмет етуде.
«Біздің басты мақсатымыз – азаматтарды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, мемлекеттік қолдау тек шын мәнінде мұқтаж жандарға бағытталуы тиіс. Бұл – еңбексіз күн көруге жол бермей, жүзеге асырылып жатқан бағдарламалардың тиімділігін арттырудың басты шарты. Сонымен қатар, біз кәсіпкерлік бастамаларды дамыту мен әлеуметтік жағынан осал топтарды қорғауға ерекше назар аударамыз», – деп атап өтті жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Шолпан Рахматулина.
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында да маңызды қадамдар жасалуда. 2025 жылы әлеуметтік осал топтар үшін жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға 224 мемлекеттік грант беру жоспарланған. Қазіргі таңда Business.enbek.kz порталы арқылы өтінім қабылдау басталды. Грант иегерлерінің қатарында көпбалалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар және өзге де санаттар бар. Бағдарламаның тиімділігін арттыру мақсатында гранттардың мақсатты пайдалануына мониторинг күшейтіліп, үміткерлерді іріктеу бойынша өңірлік комиссиялардың жұмысы ашықтық қағидаттарына негізделуде.
Әлеуметтік қолдаудың маңызды бағыты – халықтың қаржылық сауаттылығын арттырып, қарыз жүктемесінің алдын алуға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасын іске асыру. Жоба отбасының цифрлық картасымен ықпалдастырыла отырып жүзеге асырылуда, бұл әрбір отбасының нақты қажеттілігіне жеке көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмысқа орналастыруға арналған квота шеңберінде бүгінде 8 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр, және осыған байланысты облыстың барлық аудандық және қалалық әкімдіктеріне тиісті тапсырмалар берілді. Жалпы, жыл басынан бері мүгедектігі бар 145 адам жұмыспен қамтылды.
Сонымен қатар, «Парыз» және «Еңбек жолы» республикалық байқауларына өтінім қабылдау жалғасуда. Биыл «Парыз» байқауына өңірдің әлеуметтік жауапты 5 кәсіпорны өтінім берген. Ал «Еңбек жолы» байқауына түрлі номинациялар бойынша 16 өтінім түсті. Өңірлік органдар кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарының байқауға белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік жауапкершілік пен еңбек тәлімгерлігінің үздік тәжірибелерін көрсетуде.
Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімінің орынбасары Алтынай Әмренова аудан және қала әкімдіктеріне, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына, Еңбек мобильділігі орталығына және мансап орталықтарына жоспарлардың орындалуын қамтамасыз ету, шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізу және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша