Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселелері бойынша кеңес өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма, департамент және мекеме басшылары, сондай-ақ аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдері қатысты.
Өткен жылдардағы су тасқыны жағдайларына жасалған талдау негізінде дайындық жоспары мен оның орындалу барысы қаралып, су тасқынына қарсы іс-шараларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, гидротехникалық нысандар мен инфрақұрылымның маңызды объектілерінің жұмысына ерекше назар аударылды.
Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Есіл, Жабай, Қалқұтан және Шағалалы өзендерінің арналарын түзеу және тазалау жұмыстарын жүргізуде. Бұланды, Аршалы, Жақсы және Шортанды аудандарында бес бөгет пен су қоймасын күрделі жөндеу және салу жұмыстары атқарылып жатыр. Сонымен қатар, Сандықтау ауданының Балкашино ауылында Жабай өзенін тазарту және Шортанды ауданындағы Дамса бөгетін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Мұндай шаралар алдағы уақытта облыстың басқа да аудандарында іске асырылмақ.
2026 жылғы су тасқыны кезеңіне өңірді дайындаудың кешенді жоспарына сәйкес, елді мекендерді қорғауға және автомобиль жолдарындағы су тасып кетуін болдырмауға бағытталған 230 іс-шара қарастырылған.
Облыс әкімі Марат Ахметжанов су тасқынына қарсы шараларды жүзеге асыруда ғылыми тәсілдерді қолданудың маңыздылығын атап өтті:
«Біздің басты міндетіміз бірде-бір ауданның зардап шекпеуін қамтамасыз ету. Барлық елді мекендер мен транзиттік бағыттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте, далалық аумақтардан, өзен бассейндерінен және олардың салаларынан келетін еріген қар суларын дұрыс болжау маңызды. Қажетті барлық шаралар толық әрі сапалы орындалуы тиіс, – деді өңір басшысы.